1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer

Жалпы деректер

 

 «Болашақ» университеті республикамыздағы заман талабына сай білім беруді көздеген жоғары оқу орындарының бірі. Қазақстан мен Ресейдің қос дипломын иелену ол кезеңдерде отандастарымызға түсініксіз еді. Бұл бастаманы көтерген университеттің ғылыми жетекшісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов.

«Болашақ» университетінің негізі осыдан 20 жыл бұрын Мәскеу халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар университетінің Қызылордадағы филиалының ашылуымен байланысты. Алғашқы жылдары студенттер менеджмент, экономикадағы ақпараттық технологиялар, қаржы және несие, коммерция, маркетинг, статистика, бухгалтерлік есеп, халықаралық басқарудағы ақпараттық технологиялар, халықаралық ақпараттық бизнес мамандықтары бойынша білім алды. Сол кезден бастап қашықтықтан оқыту технологиялары кеңінен қолданыла бастады.

1999 жылы университет филиалы Қызылорда экономика, статистика және информатика университеті (КЭСИ) болып дербес құрылды. Мемлекеттік лицензияға сәйкес оқу орны орта, жоғары, жоғары білімнен кейінгі, қосымша білім беру бағдарламалары бойынша жұмыс жүргізе бастады.

Университет базасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Университеті ректорының 1999 жылдың 16 шілдесіндегі бұйрығына сәйкес Қызылорда филиалы ашылып студенттер қабылдай бастады. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Университетінің Қызылордадағы филиалының негізгі мақсаты – Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары үшін жоғары санатты мамандарды даярлау болып табылды.

Университет филиалында төмендегідей мамандықтар бойынша білім алуға мүмкіндік туындады: «Аударма ісі», «Шығыстану», «Бастауышты оқытудың педагогикасы мен әдістемесі», «Шетел тілі», «Дизайн», «Халықаралық экономикалық қатынастар», «Жол қозғалысын ұйымдастыру», «Математика», «Информатика», «Экономикадағы математика», «Саясаттану», «Қазақстан тарихы», «Журналистика», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Құқықтану», «Әлеуметтік-мәдени сервис және туризм», «Экономика», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Қаржы және несие», «Кеден ісі», «Мемлекетті басқару», «Менеджмент», «Хореография», «Музыка және ән айту».

Осы ашылған Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия университетінің филиалы қазіргі университет дәстүрін қалыптастыра бастады. Жалпыуниверситеттік кафедра құрылымның серпінді дамуына септігін тигізді. Нәтижесінде 1 факультет пен 3 кафедра жұмыс барысын дамыта түсті. Филиал қызметі барысында университетке отандық танымал ғалымдар келіп, өз дәрістерін оқыды. Бұл үрдіс бүгінгі таңда да жалғасуда.

Құрылтайшылар шешіміне сәйкес 2001 жылдың 28 тамызында университет атауы «Болашақ» университеті болып қайта құрылды. Осы жылы университет жанынан колледж ашылып, 2013 жылы «Болашақ» медициналық колледжі талапкерлерді қабылдай бастады.

2005 жылы «Болашақ» университеті «Іскерлік тәжірибенің жоғарғы сапасы үшін» Халықаралық қорының Алтын медалімен, 2006 жылы Қазақ-Швейцария  Бизнес Клубын дамытудағы «Мінсіз іскерлік беделі үшін» Алтын медалімен марапатталды. 2006 жылы университет өкілдері Париж қаласында өткен экономистердің ІІІ Халықаралық Ассоциациясының басқосуына қатысты. Университет сауда-өндірістік рейтингісінің 2014 жылғы жеңімпазы. Оқу ордасы 2014 жылғы женевалық «Сапа мен сауда абыройы үшін» Еурапалық Алтын белгі марапаты иегері.  

Университет 2014 жылы институционалдық аккредитациядан, 2015  жылы мемлекеттік аттестациядан өтті. Бүгінде университет құрамында 3 факультет, 7 кафедра, екі колледж,  «Астаукөл» оқу-тәжірибелік және сауықтыру орталығы, «Балжансай»  агробиологиялық және ғылыми-тәжірибелік учаскесі бар.

Осы уақытқа дейін оқу орнын Қалиев Бақыт Қалиұлы (1994-1997 жж.; 1999-2000 жж.); Елеусінов Бауыржан Тәжмағанбетұлы (1999-2008 жж.); Жүнісов Абайбек Талғатұлы (2008-2010 жж.); Үмбетов Өмірбек Үмбетұлы (2010-2013 жж.); Махмұтов Болат Бижанұлы (2013-2014 жж.); Кәленов Ғалымжан Кендебайұлы (2014-2016 жж.) басқарды.