1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer

Университеттің білім беру қызметі

 

 Білім беру қызметі 42 бакалавриат, 6 магистратура мамандықтары бойынша жүргізіледі.

Мамандар даярлау сапасын арттыру мақсатында профессор-оқытушылар құрамы оқу үдерісінде оқытудың интерактивті әдістері, модульдік және дамыта оқыту мен сыни тұрғыдан ойлау технологиясы т.б. тәрізді заманауи білім беру технологияларын қолданады.

Талапкерлердің мамандық таңдаудағы маңызды қадамдарының бірі – университеттің жүзеге асыратын білім беру бағдарламаларымен таныс болу. Университеттің ресми сайтында білім беру бағдарламалары туралы ақпарат орналасқан.

Оқу ғимараттары мен «Студенттер үйі» желісіз интернетпен (WiFi) қамтамасыз етілген. Бұл ПОҚ пен білім алушылардың университеттің ақпараттық-білім беру порталына емін-еркін кіруіне жағдай жасайды.

Студент анықтамалығы мен пәндердің таңдау каталогы да білім беру порталында орналасқан, силлабустар кітапханалар мен кафедраларда бар. Оған қоса аталған  порталда қашықтықтан оқыту технологиясы бойынша оқитын студенттерге арналған ПОӘК контенттері орналастырылған.

Оқу үдерісінде қолданылатын әдістемелік нұсқаулар дайындығының сапасы нормативтік талаптарға сай. Мамандық пәндеріндегі сабақтардың барлық түрі (зертханалық, семинар, практикалық сабақ, курстық жұмыстар немесе жобалар, диплом жобалары) қажетті оқу-әдістемелік әдебиеттермен, оның ішінде мемлекеттік тілдегі әдебиеттермен қамтамасыз етілген.

Білім  беру  оқу  бағдарламаларын  іске  асыру  үшін  университетте  арнайы  мақсаттағы  оқу  кабинеттері (компьютерлік  сыныптар,  лингафон  кабинеттері),  сондай-ақ  мемлекеттік  жалпыға  міндетті білім  беру  стандартына  сәйкес  оқу-ғылыми  үдерісті  сапалы  жүзеге  асыруды  қамтамасыз  етуге  мүмкіндік беретін бағдарламалық құралдармен, оқу жұмыс жоспарларымен және бағдарламалармен, оқу-әдістемелік  және  ғылыми-зерттеу  жұмыстарының  жоспарларымен  және  басқа да  құжаттармен қамтамасыз етілген заманауи оқу зертханалары бар.

Оқу кабинеттерінде сабақ өткізу үшін интерактивті тақталар, мультимедиялық проекторлар, панорамалық экрандар орнатылған. Университеттің барлық бөлімшелері компьютер, принтер, аудио-видео, көшірме техникамен қамтамасыз етілген.

Университетте студенттер білімінің аралық және қорытынды бақылауын ұйымдастырып отыратын, сондай-ақ академиялық жазба үдерісін жүргізетін тіркеуші- офис қызмет жасайды.

Кафедралар тіркеу офисімен бірлесе отырып, білім алушылардың оқу түрі,  мамандықтары мен курстары бойынша білім мониторингін үнемі жүргізіп тұрады.  Бұл өз кезегінде ағымдағы, аралық және қорытынды бақылау түрлерінің өзара сабақтастығын көрсетеді.

Кафедра тарапынан жасалатын бақылау кафедраға бекітілген пәндер бойынша мамандарды даярлау сапасын бағалауға бағытталған. Кафедраларда білім алушылардың білімін бақылауға арналған тест сұрақтары, емтихан билеттері сияқты материалдар бар.

Еңбек нарығындағы өзгеріс ықтималдығы мен университетте маман шығару үрдісін салыстырсақ, шығарылатын мамандар саны мен сапасы еңбек нарығының талаптарына сай келеді.

Университеттегі білім беру үдерісі сапасын жақсарту үшін факультеттерде оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу, келісу және бекіту жұмыстарын бақылау процесін жүзеге асыратын жұмыс оқу жоспарлары мен бағдарламалары жөніндегі жұмыс комитеттері құрылған.

Білім беру бағдарламаларының траекториясын айқындау мақсатында сауалнамалар жүргізіледі. Жұмыс берушілердің талап-тілектері университеттің ғылыми-әдістемелік кеңесінде талқыланады.

Оқу-әдістемелік басқарма тарапынан жасалатын бақылау университеттің білім беру қызметі сапасының жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес келуін қадағалайды және бақылау нәтижелерін талдап, кемшіліктерді жоюдың жолдарын қарастырады.

Еңбек нарығы сұраныстарына мониторинг жасалады. Жұмыс берушілермен сұхбаттасу, сауалнама жүргізу негізінде нарыққа қажетті мамандықтар түрі айқындалады. Жүргізілген сауалнамалар нәтижесі университет түлектерінің  сұранысқа ие екенін көрсетуде.

Қосымша білім беру бағдарламаларын айқындау мамандық стандарттарына сәйкес жұмыс берушілер мен білім алушылар тарапынан берілген ұсыныстар мен талап-тілектерді және еңбек нарығының сұраныстарына қарай жаңартылып отырады.

Жұмыс берушілердің ұсыныстары негізінде жиналып, талданатын болашақ маман құзіреттіліктеріне қарап, мамандықтың білім беру бағдарламасының мазмұны құрылады.

Оқу жұмыс жоспарларының өндіріс талаптарына сәйкестігі жұмыс берушілердің пікірін ескеретін комитет жұмысы есебінен жүзеге асады.

Жұмыс берушілерді білім беру траекториясына ат салысуға шақыру мақсатында университет аймақта жұмыс істеп жатқан банктермен, өндіріс орындары және мекемелермен келісім-шартқа отырған. Олардың ішінде «KaspiBank» АҚ, «Сарықасқа-Инжиниринг» ЖШС, «Олжас и К» ЖШС, «Кызылордамониторинг» ЖШС, «СәтСервис» ЖШС, Облыстық мұрағат, Ә. Тәжібаев атындағы Облыстық кітапхана, «Қоғам ТВ» телерадиокомпания кешені, РТРК Қазақстан-Қызылорда Облыстық телерадиокомпания кешені, «Өрлеу БАҰО» Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты т.б. бар.

Университеттің жұмыс берушілермен ынтымақтастықтың сапалық көрсеткіштері – бітірушілерді жұмысқа орналастыру шараларын жоспарлау (ұйымдармен, мекемелермен, өндірістік кәсіпорындармен хат алмасу, бос орындар жәрмеңкесін, дөңгелек үстелдерді, аймақтың алдыңғы қатарлы кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдерімен кездесулер ұйымдастыру, келісімшарт жасасу), іс-тәжірибелерді ұйымдастыру, жұмыс беруші кәсіпорындарда сауалнама жүргізу. Университет әзірлеген сауалнама бос орындар жәрмеңкесі кезінде жыл сайын жүргізіліп тұрады.

Бітіруші мамандарға сұраныс деңгейін жоғарылату мақсатында білім алушылардың бойында  компьютерлік дағды,  заманауи технологияларды меңгеру, мәселені болжай алу қабілеті, коммуникативтілік, кәсіби және этикалық жауапкершілік, кәсіби тұрғыдан жетілдіруге деген қызығушылық, салалық ерекшеліктерді білу, шетел тілдерін меңгеру сияқты дағдылар мен құзіреттіліктерді қалыптастыру міндеттері белгіленген.

Магистранттар мен студенттердің дипломдық жұмыстары мен диссертациялары тақырыптарына үлкен мән беріледі. Олар ғылым мен білімнің өзекті мәселелерін қамту мақсатында жаңартылып отырады.

Білім берудің инновациялық технологияларын енгізу кезінде университет студенттердің академиялық ілгерілеуінің механизмдерін жетілдіріп, ұсынылатын қызметтердің қорларын кеңінен пайдалануға мүмкіндік береді.

Университет қытай және ағылшын тілін оқитын студеттерді оқыту деңгейіне байланысты Оксфорд, Кембридж, Шынжан университеттері дайындаған оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуді үрдіске айналдырған. Білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамының және қызметкерлердің Thomson Reuters, Springer, Elsevier, ScienceDirect® т.б. сияқты ғылыми электрондық баспалардың қызметін қолдануға мүмкіндіктері бар.

Оқу процесін қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша  ұйымдастыру Ережесін басшылыққа ала отырып, «Болашақ»  университетінде оқытушының студентпен оқыту құралдары арқылы интерактивті қарым-қатынас әрекет үрдісін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін жаңа ақпараттық-педагогикалық технологияларды қолдану мақсатында  «Қашықтықтан оқыту орталығы» жұмыс жасайды.

Білім беру жүйесін интернационалдыруда және университеттің халықаралық білім кеңістігіне кіру үдерісінде академиялық ұтқырлықты жүзеге асырудың маңызының зор екендігін басты назарда ұстаған университет ұжымы білім алушылар мен профессор-оқытушылар алмасуды ұйымдастыру мақсатында жұмыстар жүргізуде. Студенттердің білім деңгейін көтеру және университетте қосымша білім беруді жетілдіру үшін Малайзия техникалық университеті (Universiti Teknikal Malaysia Melaka, Малайзия), Шынжан педагогикалық институты (Қытай), Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университеті (Мәскеу, Ресей), Пущин мемлекетттік жаратылыстану-ғылыми институты (Ресей), Астрахань мемлекеттік университеті (Ресей), Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетінің Ереван филиалы (Армения), Джалал-Абад Экономика және кәсіпкерлік университеті (Қырғызстан), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетімен жасалған келісім-шарттар негізінде білім беру бағдарламасын жүзеге асыру қолға алынуда.

Соңғы үш жылда сыртқы академиялық ұтқырлық бойынша 16 студент Шынжан педагогикалық институтында (Қытай), 17 магистрант пен 2 оқытушы Астрахань мемлекеттік университетінде (Ресей) болып келсе, ішкі академиялық ұтқырлық бойынша 10 студент пен 4 магистрант оқыды.        

ПОҚ біліктілігін арттыру мақсатында ҚР жетекші ЖОО (әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университетінде т.б.) біліктілікті арттыру курстарынан өту, Ресей мен алыс шетел ЖОО біліктілікті арттырудың көшпелі және сырттай курстарынан өту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп отырады. Мысалы, университет профессор- оқытушылар құрамы 2011-2015 аралығында Қазақ Мемлекеттік Қыздар Педагогикалық Институтында, Жетісу мемлекеттік университетінде, Жәңгір Хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінде, Ақтөбе мемлекеттік педагогиалық институтында, «Көкше» академиясы әлеуметтік зерттеулер және педагогика психология ғылыми зерттеу институтында, «Самұрық - Қазына» АҚ, ҚРБЖҒМ «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығында, «Холдинг Зерде» АҚ, Білім беру және ақпараттық инновациялық технологиялардың ғылыми-зерттеу орталығында, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында, Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінде, Астрахань мемлекеттік университетінде, Варшава экономика мектебінде, Каталония университетінде т.б. орындарда біліктілігін жоғарылатқан.

Сабақ пен онда қолданылатын оқу-әдістемелік материалдар сапасы, СӨЖ-ге тапсырмалардың берілу мерзімі, білім алушылар үлгеріміне бақылау мен бағалауды ұйымдастыру кафедралар мен факультеттердің ғылыми-әдістемелік бірлестіктері отырыстарында талқыланады.

Оқу үдерісі барысында білім алушылар мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес практиканың оқу, оқу-таныстыру, тілдік, педагогикалық, өндірістік, диплом алды т.б. тәрізді түрлерінен өтеді. Мамандық дайындаушы кафедралар барлық мамандықтар бойынша 1-5 курс аралығында практика жұмыстарын үйлестіреді.

Практика жұмыстары мамандықтардың жұмыс оқу жоспарлары мен академиялық күнтізбелеріне сәйкес мекеме басшыларының келісім-шарттары, сұраныс хаттары мен ұсыныс хаттары  негізінде ұйымдастырылады.

Практиканың барлық түрлері бойынша кәсіпорындармен, мекемелермен, мектептермен және басқа практика базасы болып есептелетін ұйымдармен келісім -шарттар жасалған. 

 «Болашақ» университетінде кәсіптік практиканы кәсіби деңгейде дұрыс ұйымдастыру үшін барлық жағдайлар жасалған. Білім алушылардың кәсіби біліктіліктері мен дағдыларын дамыту мақсатында жыл сайын университеттің өзіндік материалдық-техникалық базасы жетілдіріліп отырады. Сондай-ақ  практикаларды  өткізуге қажетті құрал-жабдықтары бар мекемелермен келісімшарттарды көптеп  жасау мақсаты көзделіп отыр.

Университеттің 2011-2020 жылдарға арналған Стратегиялық даму жоспарына сәйкес «Болашақ» колледжінің базасында «Педагогика, психология және дефектология» кафедрасының филиалы жұмыс істейді. Енді облыстық «Қоғам ТВ» телевидениесінің базасында «Филология және журналистика» кафедрасының, «Сыр табиғаты» Ассоциациясының базасында «Биология, география және спорт» кафедрасының, «Экосервис» ғылыми-техникалық орталығында және «Қор» мұнай компаниясында «Мұнай-газ, құрылыс және экология» кафедрасының филиалдарын ашу жоспарлануда. Аталған филиалдар білім алушылардың теориялық білімді практикамен ұштастыруына жағдай жасайды.

Кәсіптік практика жұмыстарын ұйымдастыруды жетілдіру мақсатында еліміздің үдемелі индустриалды-инновациялық даму картасына енгізілген кәсіпорындарындағы практикалық базалар қатарын көбейту мақсаты қойылып  отыр.

Магистратура арқылы жүзеге асырылатын жоғары білікті ғылыми, ғылыми-педагогикалық мамандар даярлауға зор көңіл бөлінеді.

Магистратураның білім беру бағдарламасында білім алушыларды практикалық дайындықтан және кәсіби тағлымдамадан өткізу жұмыстары нормативтік құжаттарға сәйкес жүргізіледі. Зерттеу және өндірістік практикалардың мазмұны магистранттың диссертациялық жұмысының тақырыбына байланысты айқындалады.

Магистратурада білім беру қызметі университетте алыс және жақын шет елдердің жетекші оқу орындарымен және ғылыми ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста ұйымдастырылады. Олардың арасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясы,  Алматы экономика және статистика Академиясы, Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университеті (Ресей), Мәскеу мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетінің Ереван филиалы (Армения), Астрахань мемлекеттік университеті (Ресей), Ресей Ғылым Академиясының клеткалар биофизикасының институты, Ресей ғылым академиясының теориялық және эксперименталды биофизика институты, Пущин мемлекетттік жаратылыстану-ғылыми институты (Ресей), Украинаның Ұлттық Авиациялық университеттің Аэроғарыш институты, Украина Ұлттық авиациялық университеті Аэронавигация институтының авионика кафедрасы, Джалал-Абад Экономика және кәсіпкерлік университеті (Қырғызстан), Мелака техникалық университеті (Малайзия), Шынжан педагогикалық институты (Қытай), Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты, ҚР БжҒМ микробиология және вирусология Институты РМК «Қолданбалы микробиология» филиалы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университеті т.б. бар.

Магистранттарға келіп дәріс оқыған шетел ғалымдарының ішінде Шынжан педагогикалық университетінің профессоры Ван Джен Чау (Қытай), Ресей Федерациясы Ғылымдар Академиясы «Клеткалар биофизикасы» институтының профессоры, ф.-м.ғ.д. Ю.А. Ким, Каннам университетінің профессоры Ким Филипп т.б. бар.

Білім берудің тиісті деңгейлерінің мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 23 тамыздағы №1080 Қаулысының 82 пунктіне сәйкес, 2013-2014 оқу жылында 17 магистрант Астрахань мемлекеттік университетінде (Ресей, келісім-шарт №2743-14, 24.02.2014 ж.) ғылыми тағлымдамадан өтіп, сертификат алды. Сондай-ақ 4 магистрант Алматы экономика және статистика Академиясында ішкі мобильділік бағдарламасы бойынша оқып қайтты (келісім-шарт №2743-14, 24.02.2014 ж.).

Оларға аталған университеттердің жетекші ғалымдары э.ғ.к., профессор Э.И. Скоблева, ф.ғ.д., профессор Г.В. Рябичкина, п.ғ.к., доцент О.М. Коробкова, п.ғ.к., доцент Р.В. Смирнова, п.ғ.к., доцент Г.В. Палаткина, п.ғ.к. Т.В. Дымова, т.ғ.к. А.О. Тюрина дәрістер оқып, ғылыми бағыт-бағдар берді.

Университетте магистратураның білім беру бағдарламасын іске асыру үшін санитарлық-техникалық нормаларға сәйкес келетін және оқу жоспарында көзделген теориялық және практикалық дайындықтың барлық түрлерін жүргізуді, сондай-ақ магистранттың ғылыми-зерттеу және эксперименталды-зерттеу жұмыстарының нәтижелі орындалуын қамтамасыз ететін материалдық-техникалық база бар.

Университетте оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарды баспаға дайындап шығару бағытындағы жұмыстар жолға қойылған. Аталған жұмысты іске асыруды университеттің редакциялық-баспа орталығы қамтамасыз етеді.