Қызылорда «Болашақ» университетінде «Болашақ аялдамасы» сериалының тұсаукесері болып өтті

Енгізілді: 30.04.2024Қаралғаны: 109 рет

       Ағымдағы жылдың 30 сәуір күні «Болашақ» университеті мен «Болашақ» жоғарғы колледжі және «Болашақ» медицина колледжі студенттерінің актерлік шеберліктерін танытқан сериалдың тұсаукесері болды. Тұсаукесер Қызылорда «Болашақ» университетінің Б.М. Сапарбаев атындағы атриум залында өтті.

      Студенттер өмірінен сыр шертетін туындыны университет  тапсырысымен «Сырдария» кино шеберханасы таспалады.
Университетіміз  2009 жылдан бері «Болашақ аялдамасы» атты сериал түсіріп келеді. Бұл жолғы кино туынды заманауи форматқа келтіріліп, шығармашылық топқа да ерекше талап қойылды.

      «Барлық өнердің ішіндегі біз үшін ең маңыз­дысы – кино!»  Жүз төрт жыл уақыт бұрын көтерілген қызыл көсем В.И. Лениннің ұраны әлі күнге  өзектілігін жойған жоқ. Жоймақ тұрмақ, бұл өнердің маңызы күн өткен сайын арта түсуде. Өйткені, әлемдік ықпал үшін күрес жаңа ғасырда жаңа сипатқа ие болды. Жер жаһанды қаруға жалындырмақ пиғылдың күні өтіп, ендігі жерде ол әрекет әлемді ауызға қаратудың жаңа тәсіліне аяқ басты. Оны мәдени-идеологиялық майдан дер едік.

   Тұсаукесерді ҚР ҰҒА академигі, «Болашақ» университетінің Құрылтайшысы Б.С. Досманбетов  ашып, сериалдың сценарисіне, режиссерге және студенттерге алғысын жеткізді.

       Киноға университеттің ұстаздары мен студенттері арасында кастинг өткізіліп, актерлер таңдалған болатын. Сериалдағы рольдерді сомдаған «Болашақ» ұжымының актерлері сахнаға шақырылып, сериал  туралы туындының режиссеры Қаржауов  Әбунасыр Мансұрұлы қысқаша баяндап берді.

       Сонымен қатар, тұсаукесерге арнайы қонақ ретінде ҚР еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Бақытбек Алпысбаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Кәмила Әбжанова шақырылды. Тұсаукесер соңында қонақтардың пікірі тыңдалды.