1. Skip to Menu
  2. Skip to Content
  3. Skip to Footer

Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

  Қазақстан Республикасы   
Білім және ғылым министрінің
 2015 жылғы 20 наурыздағы 
 № 137 бұйрығымен бекітілген

   Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру қағидалары

   1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқ процесін ұйымдастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 25) тармақшасына сәйкес әзірленген және қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібін айқындайды.
       2. Қашықтықтан білім беру технологияларын (бұдан әрі ҚБТ) іске асыру мынадай түрлер бойынша жүзеге асырылады: теледидарлық технология, желілік технология және кейс-технология.
      3. ҚБТ-ның субъектілері білім алушылар, педагогикалық қызметкерлер және ұйымдар болып табылады.
      4. ҚБТ-ын білім беру ұйымдары өз бетінше іске асырады.
      5. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:
      1) ақпараттық-білім беру порталы - ҚБТ бойынша білім беру процесін ұйымдастыруға мүмкіндік беретін әкімшілік-академиялық оқу-әдістемелі; ақпараты бар ақпараттық ресурстар мен Интернет сервистерінің желілік ұйымдастырушылық өзара байланысқан жиынтығы;
       2) ақпараттық-білім беру ресурсы (бұдан әрі АБР) білім беру сипатында қалыптастырылған ой мен білім, әртүрлі деректер, оларды жинақтау, сақтау және ақпараттар көзі мен тұтынушылар арасындағы алмасу әдістері мен құралдары;
      3) желілік технология - оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз етуді, білім алушылардың оқытушылармен және бір-бірімен интерактивтік өзара іс-қимыл нысандарын, сондай-ақ Интернет желісін пайдалану негізінді оқу процесін әкімшілендіруді қамтитын технология;
      4) кейстік технология - қағаз, электронды және өзге де тасымалдағыштарда оқу-әдістемелік материалдар жиынтығына (кейстерге және оларды өз бетінше зерделеу үшін білім алушыларға жеткізуге негізделген технология;
      5) контент - оқу материалдарын ақпараттық (мәтіндер, графикалар мультимедиалар және басқа да маңызды толықтырулар) толықтыру;
      6) Қашықтықтан білім беру технологияларын іске асыратын білім беру ұйымының интернет-ресурсы - білім беру процесінің қатысушылары үшін әкімшілік-академиялық ақпараттары бар интернет-ресурс;
      7) қашықтықтан оқытудың ақпараттық технологиясы - электронды тасымалдағышта оқу материалдарын құру, беру және сақтау технологиясы оқу процесін ұйымдастыру мен сүйемелдеу ақпараттық-телекоммуникациялық технологиясы;
      8) мультимедиа - пайдаланушыға диалогтық режимде әр текті деректермен (графика, мәтін, дауыс, бейне) жұмыс істеуге мүмкіндік беретін аппараттық және бағдарламалық құралдар кешені;
      9) «on-line» - нақты уақытта ақпаратпен алмасу;
      10) «off-line» - еркін уақыттың кеңістігіндегі ақпаратпен алмасу;
      11) силлабус - оқу пәнінің қысқаша сипаттамасы бар, оқытылатын пәннің негізгі тақырыптары көрсетілген білім алушыға арналған оқыту бағдарламасы;
      12) теледидарлық технология - теледидардың эфирлік, кабельдік және спутниктік желілерін пайдалануға негізделген технология;
      13) тестілеу кешені - білім беру процесінің барлық деңгейінде білім алушылардың оқу материалдарын меңгеру дәрежесін анықтау үшін қолданылатын бағдарламалық құрал;
      14) Тьютор - білім алушыларға оқытушы оқытатын пәнді меңгеруге көмектесетін тұлға;
      15) электронды басылым – бағдарламалық басқару құралы және құжаттамасы бар және кез келген ақпаратты электрондық тасымалдағышта орналастырылған немесе компьютерлік желіде жарияланған цифрлық, мәтіндік, графикалық, аудио, бейне және басқа да ақпараттар жиынтығы.
      Электронды оқу басылымы (бұдан әрі – ЭОБ) – оқытуды автоматтандыруға және білімді бақылауға арналған және оқу курсына немесе оның жекелеген бөліктеріне сәйкес келетін, сондай-ақ оқыту траекториясын таңдауға мүмкіндік беретін және әртүрлі оқу жұмысымен қамтамасыз ететін электронды басылым;
       16) жаппай ашық онлайн-курс (бұдан әрі ЖАОК) электронды оқыту технологиялары қолданылатын, жаппай интерактивті қатысуға және Интернет арқылы ашық қол жеткізуге болатын оқыту курсы;
      17) аралас оқыту – дәстүрлі күндізгі оқыту нысанында және қашықтықтан оқыту технологияларын пайдалана отырып жүргізілетін оқыту технологиясы;
       18) жаппай ашық онлайн-курстардың онлайн-платформасы (бұдан әрі ЖАОК ОП) таңдалған онлайн-курстар бойынша қашықтықтан оқуға мүмкіндік беретін ашық онлайн-білім беру порталы.
   2. Қашықтықтан білім беру технологиялары бойынша оқу процесін ұйымдастыру тәртібі

      6. ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін білім беру ұйымдарында:
      1) білім алушыларға арналған оқу-әдістемелік және ұйымдастырушылық-әкімшілік ақпараты бар парақтарымен білім беру порталының;
      2) телекоммуникациялық желіге шығу мүмкіндігі бар жабдықтың (Интернет, спутниктік теледидар);
      3) мультимедиалық сыныптардың және электрондық оқу залдарының;
      4) оқу контентінің;
      5) тестілеу кешенінің;
      6) оқытуды басқарудың желілік жүйесінің (Learning Management System - LMS) болуы талап етіледі.
      7. ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастыру үшін білім беру ұйымдары:
      1) оқытушыларды, тьюторларды қашықтықтан білім беру технологияларын іске асыру бойынша оқытуды ұйымдастырады;
      2) білім беру ресурстарын әзірлеу және жаңарту үшін педагогикалық қызметкерлерге, профессорлық-оқытушылық құрамға жағдай жасайды;
      3) білім алушыларға оқу материалын ақпараттық технологиялар немесе қағаз тасымалдағыштар арқылы жеткізеді;
      4) «on-line» режимінде кеңес беруді ұйымдастырады және өткізеді;
      5) «off-line» режимінде білім алушылармен кері байланысты ұйымдастырады;
      6) «on-line», «off-line» режимінде білім алушылардың оқудағы жетістіктерін бақылайды;
      7) аутентификация жүйесі арқылы білім алушылардың тұлғасын сәйкестендіреді.
      8. ҚБТ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейінде білім алушыларға қолданылады:»;
      1) бастауыш, негізгі орта, жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру базасындағы қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша;
      2) барлық білім беру деңгейлерінде мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар, оның ішінде мүгедек балалар, І және ІІ топтағы мүгедектер болып табылатын тұлғалар үшін;
      3) «Болашақ» стипендиаттарын қоспағанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім деңгейінде білім алушылардың алмасу бағдарламалары бойынша мемлекет аумағынан тысқары шыққан білім алушылар;
      4) жоғары білім деңгейінде сырттай оқу түрі бойынша жедел әскери қызметке шақырылғандар;
      5) жоғары білім деңгейінде ұзақ мерзімді (4 айдан астам) шетелдік іссапардағы тұлғалар;
      6) мекемеде тиісті техникалық жағдай болса, сотталғандар, колония-қоныстарда (қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде) жазасын өтеп жүргендер.
      8-1. ҚБТ қосымша білім беруге қатысты да пайдаланылады, профессорлық-оқытушылық құрамды қайта даярлау және біліктілігін арттыру, оның ішінде шет тілі бойынша қайта даярлау және біліктілігін арттыру.
       9. ҚБТ, сондай-ақ жоғары оқу орындарының шетелдік әріптес жоғары оқу орындарымен бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру кезінде қолданылады.
      10. ҚБТ бойынша жоғары оқу орнынан кейінгі білім бағдарламалары бойынша білім алушылар білім беру компоненттерінің, яғни оқу пәндерініі кредиттерін ғана меңгереді.
      11. ҚБТ бойынша оқуға ниет білдірген білім алушылар еркін нысанды білім беру ұйымы басшысының атына растаушы құжаттарды ұсына отырып оқуда ҚБТ-ын пайдалану мүмкіндігі туралы уәждемелі негіздемелері бар өтініш жазады.
      Мүгедек балалар ҚБТ бойынша оқу процесіне қатысу мүмкіндігі туралы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация ұсынымдарын береді.
      12. Өтініш білім беру ұйымының басшысына бес жұмыс күні ішінде қарастырылады. Білім беру ұйымы басшысының бұйрығы білім алушы қолданатын ҚБТ-ын көрсете отырып, үш жұмыс күні ішінде шығарылады.
      13. Бұйрыққа:
      1) білім алушының өтініші;
      2) білім алушылардың жеке оқу жоспарлары;
      3) әрбір білім алушының оқу қызметін ұйымдастырудың жеке кестесі;
      4) мүгедек балалардың ҚБТ бойынша оқу процесіне қатысу мүмкіндгі туралы психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияны ұсынымы;
      5) егер білім алушы сотталса және қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерде жазасын өтеуге жіберілсе, пениципиалды мекеме басшысының келісімі немесе рұқсаты қоса беріледі.
      Білім беру ұйымы үш жұмыс күні ішінде білім алушыларды оқытуды ҚБТ-ын қолданылатын оқу процесінің жоспарымен және кестесіме таныстырады.
      14. Білім алушыларды оқу-әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету үшін білім беру ұйымдарында ҚБТ-ын пайдалану арқылы іске асырылатын барлық оқу жоспарларының пәндері бойынша электрондық оқу-әдістемелі кешендер болуы керек.
      Электронды оқу-әдістемелік кешендерді дайындауды бекітілген оқу жұмыс бағдарламалары бойынша курстың әзірлеушісі жүзеге асырады.
      15. Пәннің электрондық оқу-әдістемелік кешені міндетті және қосымша жиынтықтарынан тұрады.
      16. Міндетті жиынтық:
      1) пәннің мазмұнын, күнтізбелік-тақырыптық жоспарды, ұсынылатын әдебиеттер (негізігі және қосымша) тізімін, пәндерді модульдерге бөлуді қамтитын силлабустан;
      2) дәрістердің электрондық конспектісінен және бейнедәрістерден;
      3) практикалық және семинар сабақтарының материалдарынан;
      4) студенттің өзіндік жұмысына және студенттің оқытушының жетекшілігімен орындалатын өзіндік жұмысына арналған тапсырмалардан;
      5) аралық бақылауды ұйымдастыру материалдарынан (бақылау жұмыстары, тестілеу тапсырмалары, жеке тапсырмалар);
      6) қорытынды бақылауды ұйымдастыру материалдарынан (тестілеу емтихандық тапсырмалар, емтихан сұрақтары, билеттер, емтихандық бақылау жұмыстары);
      7) қашықтықтан консультациялар жүргізу кестесінен тұрады.
      17. Қосымша жиынтықты білім беру ұйымы дербес анықтайды.
      18. ҚБТ-ын енгізетін білім беру ұйымында білім алушыларды деректер базасын (білім алушыларды қабылдау, ауыстыру, қайта қабылдау туралы бұйрық, олардың ағымдағы үлгерімдері туралы мәліметтер) қамтитын ақпараттық басқару жүйесі құрылады.
      19. ҚБТ-ын іске асыратын білім беру ұйымында ҚБТ бойынша оқу процесін ұйымдастырушылық, әдістемелік, ақпараттық және техникалық қолдауды жүзеге асыратын арнайы құрылымдық бөлімшелер құрылады.
      20. ҚБТ-ын сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше оқу процесін жоспарлайды және ұйымдастырады, ҚБТ-ға байланысты құжаттаманы жүргізеді, оқытушылар мен тьюторлардың біліктілігін арттыруды жоспарлайды.
      21. ҚБТ-ны сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше АБР-ді, электронды оқу басылымдарын, мультимедиалық курстарды, әдістемелік құралдарды әзірлеуге, алуға және игеруге консультативтік көмек көрсетеді, білімді бақылаудың тестілеу жүйесіне және басқа да құралдарына әкімшілік етеді, ҚБТ үшін ақпараттық ресурстарды пайдалану әдістемесін әзірлейді.
      22. ҚБТ-ын сүйемелдеуді жүзеге асыратын құрылымдық бөлімше қашықтықтан оқытудың бағдарламалық, ақпараттық және техникалық құралдарын әзірлеуге, игеруге және қолдауға белсене қатысады.
      23. ҚБТ бойынша оқыту бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің оқу жоспарлары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім мамандықтарының барлық оқу жоспары бойынша жүргізіледі.
      24. ҚБТ бойынша оқыту бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің оқу жоспарлары, сондай-ақ техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары білім мамандықтарының барлық оқу жоспары бойынша жүргізіледі.
      25. Оқу жылы академиялық кезеңдерден тұрады және академиялық күнтізбеге сәйкес аяқталады.
      26. Білім беру қызметінің барлық түрлері мыналар арқылы жүзеге асырылады:
      1) педагогикалық қызметкердің немесе тьютордың білім алушылармен телекоммуникациялық құралдарды пайдалана немесе білім беру ұйымында тікелей байланыс орната отырып педагогикалық қатынасы (білім алушының бастамасы бойынша);
      2) білім алушының оқыту құралдарымен өзіндік жұмысы (ОӘК, қосымша әдебиет).
      27. ҚБТ қашықтықтан оқу сабақтарын «оn-line», «off-line» режимінде өткізуге негізделген.
      28. «Оn-line» режимінде оқу сабақтары нақты уақыт режимінде оқудын өзара іс-әрекеті процесін қарастырады (бейнеконференция, Интернет желісімен хабар алмасу, телефон аппараты арқылы келіссәздер).
      29. «Off-line» режиміндегі оқу сабақтары оқытушы мен білім алушы арасындағы қатынас асинхронды түрде жүзеге асырылатын (бейнедәрістер, оқытуды басқару жүйесіндегі тапсырмалар, электронды пошта, кейіннен аралық және/немесе қорытынды бақылау тапсыруымен оқытушының тапсырмасы бойынша білім алушының оқулықпен жұмысы) оқудың өзара іс-әрекеті процесін қарастырады.
      30. Білім алушылардың үлгерімін ағымдық бақылау және аралық аттестаттау оқу жұмыс жоспарына, академиялық күнтізбеге және оқу бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылады.
      31. Үлгерімді ағымдық бақылауды және аралық аттестаттауды өткізуге төмендегілер арқылы рұқсат етіледі:
      1) телекоммуникациялық құралдарды пайдаланумен қоса оn-line режимінде білім алушы мен оқытушының тікелей қатынасы;
      2) автоматтандырылған тестілеу кешендері;
      3) жазбаша жеке тапсырмаларды тексеру (кейстік технология).
      32. Білім беру ұйымы білім алушылардың ағымдағы үлгерімін бақылау мен аралық бақылауды шектеудің электрондық әдістерін қолдану және тәуелсіз бағалау арқылы рұқсат етілмеген кіру мен жалғандықтан сақталған ақпараттық жүйеде жүргізеді.
      33. Білім алушы пән бойынша аралық аттестаттауға оқу жұмысы  бағдарламасымен белгіленген барлық бақылау іс-шараларын орындағаннан және тапсырғаннан кейін жіберіледі.
      34. Кәсіптік практиканы білім беру ұйымдары мамандықтың  ерекшелігіне қарай жүргізеді.
      35. ҚБТ бойынша білім алушыларды аралық және қорытынды  аттестаттау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2008 жылғы 18 наурыздағы № 125 бұйрығымен бекітілген Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды мемлекетті: аттестаттау жүргізудің үлгі ережесіне сәйкес жүзеге асырылады (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді тіркеу тізілімінде № 5191 тіркелген).
      Сотталған және қауіпсіздігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеп жүрген білім алушыларды қорытынды аттестаттауды мемлекеттік аттестаттау комиссиясы білім алушы тұрған жерге барып жүзеге асырады.

       © 2012. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" ШЖҚ РМК