ҚЫЗЫЛОРДА БОЛАШАҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ЦИФРЛЫ БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ: БІЛІМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ДАМУЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Енгізілді: 15.09.2025Қаралғаны: 13 рет

ҚЫЗЫЛОРДА БОЛАШАҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕ «ЦИФРЛЫ БОЛАШАҚҚА ҚАДАМ: БІЛІМ МЕН ТЕХНОЛОГИЯНЫҢ ДАМУЫ»

АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ  ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

 

 

Қызылорда «Болашақ» университетінде «Цифрлы болашаққа қадам: білім мен технологияның дамуы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Конференция  университеттің 30 жылдық мерейтойы мен оның негізін қалаушы, белгілі қоғам қайраткері Бақберген Досманбетовтің 80 жылдығына арналды.

Конференция мақсаты – білім беру сапасын арттыруды қамтамасыз етуде жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды қолданудың өзекті бағыттарын талқылау болды.

Конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан елдерінен жоғары оқу орындарының ғалымдары мен сарапшылары қатысты. Конференция аясында «Педагогикалық және психологиялық ғылымдар», «Бизнес, техника, басқару және құқық», «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар», «Жаратылыстану ғылымдары» бағыттары бойынша 200-ге жуық ғылыми мақала ұсынылды.

Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда заманауи білім беру технологиялары, цифрлық трансформация, жасанды интеллект, IT саласының дамуы, инновациялық білім беру платформалары, сондай-ақ өңірлік білім мен ғылымның өзекті мәселелері талқыланды.

Конференция білім мен технологияны ықпалдастыра отырып, цифрлық қоғам талаптарына сай болашақ мамандарды даярлау жолдарын нақтылауға бағытталды. Конференция қорытындысында ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасын арттыру, халықаралық және отандық әріптестік байланыстарды нығайтуға қатысты ұсыныстар қабылданды.