Университет құрылуы мен қалыптасуы
УНИВЕРСИТЕТТІҢ ҚҰРЫЛУЫ МЕН ҚАЛЫПТАСУЫ
Қызылорда «Болашақ» университеті 1995 жылы Мәскеу Халықаралық бизнес және ақпараттық технологиялар Университетінің Қызылорда филиалы ретінде ашылды. Ал, 1999 жылы филиал дербес жоғары оқу орны – Қызылорда экономика, статистика және информатика Университеті болып қайта құрылып, орта, жоғары, жоғары білімнен кейін және қосымша білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік лицензияға сәйкес жұмысын бастады. Осы жылы университет базасында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің Қызылорда филиалы ашылды. Университетте 1 факультет және 3 кафедра жұмыс жасады. 2001 жылы университет «Болашақ» Университеті болып қайта құрылды және оның жанынан колледж ашылды. 2013 жылы «Болашақ» медициналық колледжі лицензия алып, жұмысын бастады.
2017 жылы заманауи талаптарға сай кампустың құрылысы басталды. Кампуста ауданы 21000 шаршы метр болатын 14 қабатты бас оқу-әкімшілік ғимараты, 300 орындық асхана, 200 орындық кітапхананың оқу залы, спорт-сауықтыру кешені, мәдени-ағарту іс-шараларын өткізуге арналған 500 орындық атриум залы, 800 орындық 2 жатақхана, 2 қысқы бақ, 8 блоктан тұратын 4 орталық жылыжай кешені (аумағы 1 га) бар.
Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін «Болашақ» ғылыми-зерттеу институты, Арал-Сырдария бассейнінің экология және биоресурстар ғылыми-зерттеу институты, Арал-Сырдария бассейнінің экология және биоресурстар ғылыми-зерттеу институтының Арал филиалы жұмыс істейді. Университет өз қаражаты есебінен 3 іргелі және 10 ынталы зерттеуді жүзеге асыруда. Ғылыми-зерттеу және ғылыми-әдістемелік жұмыстардың нәтижелері «Болашақ университетінің Хабаршысы» журналында жарияланады. Университеттің жетекші ғалымдары ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері бойынша 6 өнертабысқа патент және 12 авторлық куәлік алды.
2005 жылы Университет «Іскерлік тәжірибенің жоғары сапасы үшін» халықаралық қорының Алтын медалімен, 2006 жылы Қазақ-Швейцария Бизнес клубын дамытудағы «Мінсіз іскерлік беделі үшін» Алтын медалімен марапатталды. Сондай-ақ, Университет 2014 жылғы Сауда-өндірістік рейтингінің жеңімпазы, 2014 жылғы «Сапа және сауда беделі үшін» Еуропалық алтын белгісінің Женева сыйлығының иегері атанды. Ал, 2019-2020 оқу жылында «Болашақ» университеті Ұлттық бизнес-рейтингте 8-орынға ие болды. Қазақстан Республикасының кәсіпорындары арасындағы Ұлттық бизнес-рейтинг нәтижелері бойынша «Болашақ» университеті «Сала көшбасшысы-2019» атағын алды.
Аккредиттеу және рейтингтің тәуелсіз агенттігі өткізген Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындарының сұранысының ұлттық рейтингі-2021 нәтижелері бойынша «Болашақ» университеті Қазақстан Республикасының үздік 20 жоғары оқу орындарының қатарына енді.
2023 жылы «Болашақ» Университеті институционалдық аккредиттеуден өтті. Бүгінде университет құрамында 2 жоғары мектеп, 8 кафедра бар. Бакалавриаттың 39 білім беру бағдарламасы (20 бағыт), магистратураның 6 білім беру бағдарламасы (6 бағыт) бойынша кадрлар даярлау жүргізілуде.
Қазіргі уақытта университетте 4388 студент оқиды. Дәрістерді 16 ғылым докторы, 98 ғылым кандидаты, 11 философия докторынан тұратын профессорлық-оқытушылық құрам жүргізеді. Олардың арасында 1 Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, 4 Білім берудің құрметті қызметкері, 2 Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының мүшесі,1Қазақстанның құрметті журналисі, 4 «Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, 2 «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері, 5 «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісінің иегерлері бар.
Оқу орнын осы уақытқа дейін Қалиев Бақыт Қалиұлы (1995-1997жж.,1999-2000жж.); Елеусінов Бауыржан Тəжмағанбетұлы (1999-2008 жж.); Жүнісов Абайбек Талғатұлы (2008-2010жж.); Үмбетов Өмірбек Үмбетұлы (2010-2013 жж., 2016-2018жж.); Махмұтов Болат Бижанұлы (2013-2014жж.); Кəленов Ғалымжан Кендебайұлы (2014 ж.), Дəуренбеков Қуаныш Қойшығұлұлы (2019-2021жж); Қайрат Бақберген (2022-2024 жж); 2024 жылдың ақпан айынан бастап Досманбетов Динар Бақбергенұлы басқарады.