ҒАЛЫМНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН ҚҰҚЫҚТЫҚ САЙЫС ӨТТІ
Енгізілді: 14.02.2025Қаралғаны: 16042 рет
ҒАЛЫМНЫҢ МЕРЕЙТОЙЫ ҚҰРМЕТІНЕ АРНАЛҒАН
ҚҰҚЫҚТЫҚ САЙЫС ӨТТІ
Қызылорда «Болашақ» университетінің құрметті профессоры, заң ғылымдарының кандидаты М.М. Ахметовтың 70 жас мерейтойы құрметіне арналған «Қазақ даласының билері және Қазақстан Республикасының сот жүйесі» атты құқықтық викторина сайысы «Құқықтану және қоғамдық пәндер» кафедрасының ұйымдастыруымен болып өтті.
Шараға Қызылорда облысы бойынша Сот сараптама институты өкілдері мен құқық қорғау органдарының тәжірибе мамандары қатысып қазылық жасады.
Викториналық сайыс М.М. Ахметовтың өмір жолын, сот жүйесіндегі еңбегі мен ұстаздық қызметін жас ұрпаққа насихаттап, дәріптеуге, студенттерді қазақтың әдеп-ғұрып заң нормаларымен терең таныстыруға, патриоттық құқықтық санасын күшейтуге мақсатталып, олардың логикалық ойлау қабілетін дамытуға, командалық жұмыс жасау дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Сайыс барысында студенттер жоғары белсенділік танытып, өздерінің білімділігі мен тапқырлығын көрсетті. Әр команда сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап беріп, өз ойларын терең талдап, әдеп-ғұрып, заң нормаларын жүйелі түрде баяндай білді. Олардың ұйымшылдығы мен тапқырлығы сайыстың әсерлі әрі тартысты өтуіне ықпал етті.
Викториналық сайыс қорытындысы бойынша командалар жүлделі орындарға иеленіп, дипломдармен марапатталды.