ҚЫЗЫЛОРДА «БОЛАШАҚ» УНИВЕРСИТЕТІ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ФОРУМЫ

Енгізілді: 19.09.2025Қаралғаны: 280 рет

ҚЫЗЫЛОРДА «БОЛАШАҚ» УНИВЕРСИТЕТІ ТҮЛЕКТЕРІНІҢ ФОРУМЫ

 

Ағымдағы жылдың 19 қыркүйегінде университет түлектерінің форумы болып өтті. Бұл – өткенімізге тағзым етіп, бүгінгі жетістіктерімізді саралап, ертеңгі болашаққа қадам басатын үлкен басқосу! Өйткені, білім ордасынан қанат қаққан әрбір түлек – туған университетінің айнасы, мақтанышы, жарқын болашағы.

 «Өмір дегеніміз – үздіксіз сабақ, ал білім – сол сабақтың мәңгілік шамшырағы. Сіздер алған білімдеріңізді, жинаған тәжірибелеріңізді қоғамның игілігіне жаратып жүргендеріңізді көргенде, мен өзімді бақытты ұстаз, әрі бақытты бағдаршы сезінемін.

Біз өмірде түрлі жолдан өттік. Бірде биікке көтерілдік, бірде сын-қатерге тап болдық. Бірақ, қай кезеңде де ар-намыс пен адалдық біздің жолбасшымыз болды. Еңбек пен адамгершілікті қатар ұстап жүрген  Сіздерге айтарым: табыстың кілті – еңбекте, төзімде және жүректегі елге деген сүйіспеншілікте. 

Университет қабырғасынан шыққан әрбір жас маман – «Болашақтың» елшісі.

Сіздерге сенім артамын, сіздерге үміт артамын. Бүгінгі басқосудағы ізгі тілек ертеңгі күннің асыл арманына айналсын! - деп ойын түйіндеді, түлектерге өзінің ақжарма тілегін арнаған ҚР ҰҒА академигі, э.ғ.д., профессор Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов.

Басқосуға 30 жылдық тарихы бар жоғары оқу орнының әр жылдары бітірген түлектері жиналып, өздерінің естеліктерімен, жетістіктерімен, ойларымен бөлісті. Олардың қатарында Бисенбаев Болат Берікұлы (Экология білім беру бағдарламасының 2024 жылғы түлегі, «Жұмылдыру дайындығы және шұғыл жұмыстар орталығы» Коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысы), Жолтерек Абзалұлы (Журналистика білім беру бағдарламасының 2017 жылғы түлегі, республикалық «Ақмешіт жастары» газетінің бас редакторы), Серәлі Әлібек (Тарих білім беру бағдарламасының 2016 жылғы түлегі, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері),

Әбдірахман Нұрислам Нұрланұлы (Информатика білім беру бағдарламасының 2024 жылғы түлегі, «Сенімен Болашақ» РҚБ облыстық филиалының директоры), Боранбаева Майра Қадырбекқызы (Құқықтану білім беру бағдарламасының 2025 жылғы түлегі, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы),

Дауренбеков Нұрбек (Мемлекеттік және жергілікті басқару білім беру бағдарламасының 2022 жылғы түлегі, Жалпы Ұлттық социал-демократиялық партиясы облыстық филиалының төрағасы), Асанбекқызы Ақтолқын

(Бастауыш оқыту педагогикасы мен әдістемесі білім беру бағдарламасының 2021 жылғы түлегі, «Байтерек» жеке мектебінің пән мұғалімі), Шамаханова Жанат Ерланқызы (Дефектология білім беру бағдарламасының 2016 жылғы түлегі, «№5 арнайы (түзету) мектеп-интернаты» КММ дефектологы), Муратбаева Сауле Дарменқызы (Педагогика және психология білім беру бағдарламасының 2009 жылғы түлегі, Аутизм орталығы педагог-психологы), Тұрсынбаева Ботагөз Маратқызы (Менеджмент білім беру бағдарламасының 2006 жылғы түлегі, Петро Казахстан Кумколь Ресорсиз акционерлік қоғамының еңбек құқығы және жұмысқа рұқсат мәселелері бойынша жетекшісі), Транай Елдос Айдосұлы (Құрылыс білім беру бағдарламасының 2024 жылғы түлегі, Қармақшы аудандық жастар ресурстық орталығының жетекші маманы) т.б. бар.

     Кездесу соңы сұрақ-жауап, ән-күймен жалғасты.