БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

Енгізілді: 31.10.2025Өзгертілді: 06.11.2025Қаралғаны: 33 рет

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ – ЕЛ БОЛАШАҒЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ

 

Г. Ж. Снасапова, ф.ғ.к.,

Қызылорда "Болашақ" университетінің ректоры

 

Білім мен ғылым – кез келген елдің дамуы мен өркендеуінің басты кепілі. Бұл жай ғана ұран емес, шынайы өмірдің қағидасына айналған ақиқат. Себебі адамзат тарихындағы әрбір өркениетті кезең білім мен ғылымның жетістіктерімен тығыз байланысты.

Соңғы жылдары елімізде осы бағытта жүйелі қадамдар жасалып жатқанын қуана айтуға болады. Әсіресе, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың білім мен ғылым саласына тұрақты түрде назар аударып, нақты шешімдер қабылдап келе жатқаны болашаққа деген сенімді күшейтеді.

Кеше Астанада өткен "Қазақстан – академиялық білім аймағы" атты халықаралық стратегиялық серіктестер форумы осының айқын дәлелі. Бұл форум әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындары басшыларын, халықаралық рейтинг агенттіктері өкілдерін, ғылым мен инновация саласының жетекші мамандарын бір алаңда тоғыстырды.

Форум жұмысына Қазақстан Президенті тікелей қатысып, білім мен ғылымның адамзат өркениетін алға жылжытатын ең қуатты күш екенін ерекше атап өтті:  «Университет – озық ойлар мен жаңа идеялардың ордасы, ал ғалым – қоғамның қозғаушы күші», – деді Мемлекет басшысы.

Бұл сөздер тек жоғары оқу орындарына ғана емес, бүкіл қоғамға бағытталған стратегиялық бағдар іспетті.

Мемлекет басшысының білім мен ғылым саласына қатысты әрбір форум мен кеңеске жеке қатысуы бұл бағыттың еліміздің стратегиялық болашағы үшін шешуші рөл атқаратынын көрсетеді.

Форум барысында біз, жоғары оқу орындарының басшылары, халықаралық серіктестермен тәжірибе алмасып, жаңа ғылыми жобаларды жүзеге асыруға бағытталған бірқатар келісімдерге қол қойдық. Бұл "Болашақ" университеті үшін де маңызды кезең болды. Біз білім беру сапасын халықаралық деңгейге көтеру жолында нақты жоспарлар жасап отырмыз.

Біздің басты мақсатымыз – еңбек нарығының сұранысына сай білікті, заманауи ойлайтын, елжанды маман тәрбиелеу.

Бүгінгі форум Қазақстанның әлемдік білім кеңістігіндегі орны нығайып келе жатқанын, ал біздің еліміздің ғылым мен инновацияға негізделген болашағы айқын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.