ОЛИМПИАДА ЖӘНЕ КӘСІБИ БАҒДАР 2024 АРАЛ АУДАНЫ

Енгізілді: 27.11.2023Қаралғаны: 1310 рет

   Қызылорда «Болашақ» университеті 2024-2025 оқу жылына студенттер қатарын толықтыру мақсатында пәндік олимпиада және кәсіби бағдар беру жөніндегі жұмыстарын аймағымыздың ең шеткі өңірі Арал ауданынан бастады.

   Арал ауданындағы №262 Ұ.Қараманов атындағы мектепте химия және тарих пәнінен аудан оқушылары арасында олимпиада өткізілді. Нәтижесі университет базасында тексеріліп, қорытындысы алдағы уақытта жарияланатын болады. Қатарынан оза шауып, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар «Болашақ» университеті ректорының гранттарына иелік етеді.

   Атап айтар болсақ, екі пәннен:

1-орын алған оқушылар 100%;

2-орын  алғандар 50%;

3-орын алғандар 25% оқу ақысына жеңілдікті иеленбек

   Кәсіби бағдар жұмыстары бойынша университеттің әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, э.ғ.к. Г.А.Мұратбаева, университеттің аға оқытушысы, т.ғ.к. А.Ә. Енсепов  және «Рекрутинг және мансап» орталығының жетекшісі Б.Р.Саймағанбетов ұстаздар мен оқушыларды «Болашақ» университетінің әлеуеті мен материалдық-техникалық мүмкіндіктері жайлы толық хабардар етіп, заман талабына сай жасақталған оқу орынын таңдауға шақырды.

   Арал ауданы бітіруші түлектерімен кездесуді университеттің «Жастар және тәрбие жұмысы» бөлімінің басшысы Е.А.Жұматаев  жүргізіп отырды. Арал өңіріндегі келелі кездесуді жоғары оқу орнының белсенді студенттері А.Малик, Ә.Бақытбек пен Д.Аралбаевтар әсем әнмен көмкеріп, жиналған ұстаздар мен оқушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.      

   Арал ауданындағы «Болашақ» университетінің кәсіби бағдар беру  жөніндегі  жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өткізілді.