INNOFEST БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Енгізілді: 09.12.2023Қаралғаны: 1180 рет

Облыс әкімінің қолдауымен,«Ақпараттық технологиялар орталығы» және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Kyzylorda Hub» бизнес-инкубаторының ұйымдастыруымен өткен INNOFEST байқауына 2500 жас ниет білдіріп, 250-ге жуық команда қатысты. 

Фестивальге аймақ жастарынан бөлек Астана, Түркістан, Байқоңыр қалаларынан келген қатысушылар «SmartСity», «Контент&Дизайн», «Кино&Видео» бағыттары бойынша жобаларын қорғады. Inno.Fest» Qyzylorda бір тәуліктің  ішінде идеядан прототипке дейін ІТ саласында жоба жасауды мақсат ететін іс-шараның жастарды шыңдауға, өздері секілді әр өңірдің жастарымен тәжірибе алмасуға таптырмас алаң.  

Фестивальдің негізгі мақсаты–аймақ дамуына қажетті жаңа инновациялық идеяларды қолдау, ІТ бағытына қызығушы жастардың жобаларын қаржыландыруға мүмкіндік беру және жаңа есімдерді шығару. 

Байқауға қатысушылар цифрлы сабақ жоспары, телефон алаяқтары, смарт туризм, сөйлейтін әліппе сынды бірнеше жобалар ұсынып, сәтті қорғағандары жүлделі орындардан көрінді.

Іс-шараға ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі бірінші вице-министрі Қаныш Аманбайұлы Төлеушин өз бейне сәлемдемесін жолдап, облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Ерлан Бәкіров қатысып, аймақ басшысының ІТ саласының дамуына үлес қосып жүрген жастарға әрдайым қолдау білдіретінін, еліміздегі цифрландыру саясатының да негізгі мақсаты осында екенін айтып өтті. 

Әлемдік нарықта жасанды интеллект бағытына деген сұраныс бар кезде біз үшін білікті де білімді жастардың жаңа жобалары әркез өзекті.

Фестиваль аясында 9 жоба үздік деп танылды. Оларға жалпы жүлде қоры 3 млн теңгені құрайтын қаржылай сыйақылар үлестірілді. Әр жеңімпаз командаға   І орын - 500 000  теңге II орын - 300 000 теңге, ІІІ орын  - 200 000  теңгенің қаржылай сертификаттары табыс етілді. 

Сондай-ақ, ерекше жобаларымен көзге түскен қатысушыларға республикалық жоғары оқу орындарының 10 оқу гранты табысталды. 

Білімді жастарды барынша қолдауға бағытталға фестиваль 4-ші рет өткізілді. 4 жыл ішінде 9 мыңға жуық қатысушы тіркеліп, өз жобаларын ұсынған екен. 

Фесивальде үздік шыққан жобаларды қазылар алқасы анықтап, марапаттады.  Біздің «Болашақ» университеті ректорының гранттарын жеңіп алған «SmartСity» секциясы бойынша Cкендір Жасұларға,  «Контент&Дизайн» секциясы бойынша Бимұратова Гүлсезім Сәкенқызына  және  «Кино&Видео»  секциясы бойынша Алманатқызы Қарақатқа табысталды.