ЖЫЛЫЖАЙ-СЕЛЕКЦИЯЛЫҚ БАСТАПҚЫ МАТЕРИАЛ АЛУДЫҢ ОҢТАЙЛЫ ОРНЫ

Енгізілді: 06.03.2024Өзгертілді: 12.03.2024Қаралғаны: 3632 рет

ЖЫЛЫЖАЙ-СЕЛЕКЦИЯЛЫҚ БАСТАПҚЫ МАТЕРИАЛ АЛУДЫҢ ОҢТАЙЛЫ ОРНЫ

 

«Болашақ» университеті жылыжайында көкөністік дақылдар мен экзотикалық жеміс ағаштарының өсіріліп жатқанына біршама жылдар болса,  ағымдағы жылы арпа, бидай т.б. егістік дақылдар селекциясында сорт шығару мақсатында қолданылып жүрген классикалық әдіс–будандастырудан алынған будандық тұқымдарды жеделдетіп көбейтіп алып, әрі қарай танаптық-егістік жағдайда селекциялық процесстің барлық этаптарынан өткізу қолға алынып отыр.

Сорт шығарудың өзі ұзақ жылдар зерттеуді қажет етеді, оған шамамен 10-12 жылдай керек. Жылыжайда будандастырудан алынған будандық Ғо тұқымдардан бір жылда 2-3 ұрпақтың тұқымдарын көбейтіп алуға мүмкіндік болады. Ал, кәдімгі жағдайда келесі жылды, күннің жылынғанын күтесің, әрі қарай да солай, келесі жылды күтумен уақыт өте береді.  Айта кететін жайт, мысалы, арпа дақылы өздігінен тозаңданатын дақыл. Оның аталығы да, аналығы да бір гүлде (масақшада) болғандықтан, будандастыруда аналық форманың масақшасындағы аналық мүшені (пестик) қалдыра, аталық тозаңқаптарды (тычинка) алып тастап, кастрациялап барып, оны аталық форманың тозаңымен ұрықтандырады. Нәтижесінде, будандық түйін пайда болады. Ол будан екінші ұрпақтан бастап ыдырап, популяция құрай бастайды. Селекционердің мақсаты–өзіне ұнайтын, ойындағы сорттың модульіне келетіндей тізбектерді сұрыптап алып, селекциялық процестің келесі этапына сынаққа жіберу. Осылайша, толық селекциялық процеске көптеген жылдар кетеді. Селекционердің механикалық жолмен будандастыруында түйін байлау өте төмен, шамамен–15-20%. Сондықтан,  аз мөлшердегі Ғо тұқымын сақтап қалу өте маңызды және ұқыптылықты қажет ететін процесс.