БЕРЕКЕ БЕР, БАҚ КЕЛ!

Енгізілді: 22.03.2024Қаралғаны: 2934 рет

БЕРЕКЕ БЕР, БАҚ КЕЛ!

 

«Болашақ» университетінің Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесіне арналған «Береке бер, бақ кел!» атты шарасы Сол жағалау ауданындағы "Қызылорда" супермаркетінің  алаңында болып өтті.

Наурыз - бұл ежелгі түркі халықтарының жаңа жыл мейрамы.  Оны барлық түркі халықтары атап өтеді. Бұл мереке қарсаңында күн мен түн теңеледі. Наурыз - көктемнің ең көркем  айларының бірі. Наурыз айын қазақ халқы ерекше құрметтейді. Себебі наурыз - қыстан есен шығып, күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алу мерекесі.
Барша көрермендерді Ұлыс күнімен «Болашақ» университетінің құрылтайшысы, ҚР ҰҒА академигі Бақберген Сәрсенұлы құттықтады.  Қызылорда  облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бердаулетов Бағдат Камбузұлы Облыс әкімінің құттықтауын салтанатты түрде табыс етті.

Осы айтулы күні дәстүр-салтымыз бен әдет-ғұрпымыз жаңғырып, қастерлі рәсімдерімізді ел алдында көрсетіп жататынымыз рас.  Тұсаукесер-қазақтың ілгеріден келе жатқан салты. Әрбір адам қаз тұрған баласының тұсауын елге танымал, құрметті адамға кестіруге ниетті.  Бүгінгі мерекенің үстінде осы рәсім  орындалды. Алты алашқа белгілі, білім саласына еңбегі сіңген қайраткер, Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі Бақберген Сәрсенұлы ата-аналары ниеттеніп келген үш бүлдіршіннің тұсауын кесіп, қадамдарына құт тіледі.

Әйел-ұстаздар арасында үздік ұлттық киім үлгісінен және ерлер арасында гір тасын  көтеруден сайыс ұйымдастырылып, жеңімпаздарға «Болашақ» университетінің ақшалай жүлделері табысталды.

Жер жаһанға шуағын ала келген Наурыз мейрамы елімізге береке мен құт болып дарысын!  Дүниенің жаңарып, жарқыраған шағы Ұлыстың ұлы күнімен барша адамзатты қуана құттықтаймыз!