ЖАНАРЫНДА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСЫРЫЛҒАН

Енгізілді: 27.03.2024Қаралғаны: 3793 рет

ЖАНАРЫНДА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСЫРЫЛҒАН

 

Бүгін Қызылорда «Болашақ» университетінің Құрылтайшысы, PhD, белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз ДОСМАНБЕТОВА ЗЕЙНЕГҮЛ РАМАЗАНҚЫЗЫН ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН «ЖАНАРЫНДА ЖАҚСЫЛЫҚ ЖАСЫРЫЛҒАН» атты шара болып өтті.

Шараға Зейнегүл Рамазанқызының көзін көрген құрбылары, әріптестері, ағайын-туыстары мен студенттер және арнайы шақырылған қонақтар қатысты.

Атап айтар болсақ, белгілі ақын, айтыстың ақтаңгері Серік Ыдырысов, тұрмағамбеттанушы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Ұлжан Жаңбыршиева, филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Бақыт Қалиев, №211 орта мектеп директоры Айжан Шорабекқызы және Бақберген Сәрсенұлының достары Аңсатов Сәдуақас ағамыз жұбайымен, Зейнегүл Рамазанқызының құрбысы Жаппасбаева Жаниса апайларымызбен қатар, ҚР Мәдениет қайраткері, жезтаңдай әнші, Нартайдың өнерін мұрат тұтып келе жатқан ұстаз Ақмарал Ноғайбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, Арал өңірі жыршылық дәстүрінің жалғастырушысы Шолпан Бимбетова, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, атақты Сәрсенбай жыраудың немересі Майра Сәрсенбаева, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын, «Сыр бойы» газетінің «Руханият» бөлімінің меңгерушісі Ғазиза Әбілда, болашағынан үлкен үміт күттіретін ақындар, облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Аружан Оралбай, облыстық «Сыр бойы» газетінің тілшісі Дина Бөкебайлар қатысып, шарамыздың биік дәрежеде өтуіне ат салысты.

Зейнегүл Рамазанқызы 1947 жылы 27 наурызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Бүкіл саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, білім саласына арнаған жанның салған ізі, жүрген жолы талай ұрпаққа үлгі болары сөзсіз. Бүгінгі шараға қатысушылар мен қонақтарымыздың анаға, жарға деген отбасының сағынышын, әріптестің көңіл толқынын, шәкірттердің жүрек толқынысын сезініп, аймағымыздағы ақын және жыршы-әнші қыздарымыздың өнерін тамашалап, мағыналы әңгімелерден нәр алғандары сөзсіз.

Кешіміздің соңында өмірден өтем дегенше артында үлкен із қалдырған Зейнегүл Рамазанқызының университет алдына қойылған ескерткішіне «Болашақ» университеті, «Болашақ» университетінің жоғары колледжі мен «Болашақ» жоғары медицина колледжі ұжымдары дайындаған гүл шоқтары қойылды. Кеш соңы университетіміздің студенті Бақытбек Әлібектің орындауындағы Мирбек Атабековтың «Із қалдыр» әнімен түйінделді.