АҒА БУЫНҒА АЛҒАУСЫЗ МҮМКІНДІК

Енгізілді: 04.04.2024Өзгертілді: 04.04.2024Қаралғаны: 3735 рет

Қызылорда «Болашақ»университетінде «Күміс университет» немесе «Дәуірге даярлау университеті» жобасы іске қосылды. Бұл қарттыққа бет алған азаматтардың ішкі мүмкіндіктері мен жаңаша қабілеттерін ашуға  көмектесетін әлеуметтік қызметтің инновациялық түрі.

Жоба егде жастағы азаматтарды белсендіру және өзін-өзі тану мақсатында оқытуды, олардың өмір сапасы мен әлеуметтік белсенділігін арттыруды, физикалық және психикалық денсаулығын нығайтуды көздейді. «Күміс университет» өз жұмысын бірнеше бағытта жүзеге асырады.

«Жасыл желек» курсы аясында университет биологтары тыңдаушыларды аулаішілік өсімдіктер мен бақшалық дақылдарды егудің, оларды күтіп-баптаудың қыр-сырына қанықтырса, «Компьютерлік сауаттылық» курсы барысында олар компьютер және смартфондармен жұмыс жасауды, интернет желісіндегі қауіпсіздікті сақтауды меңгереді.

 Ал, қаржылық жағдайды дұрыс талдау, отбасылық бюджетті сауатты  жоспарлау, қаржылық мақсат қойып, оған жету жолдарын үйрену  «Қаржылық сауаттылық» курсында қарастырылады.

«Қазыналы қария»  курсы аясында  Сыр бойынан шыққан би-батырлар өмірінен құнды деректер ұсынылып, ақсақалдарға аймағымыздың тарихын, қазақы әңгіме айту дәстүрін меңгерту қолға алынады.

«Күміс университет» жобасын іске асыруда алға қойылған негізгі міндеттер – егде жастағы адамдардың заманауи өмірге сәтті бейімделуіне, өзін-өзі жетілдіруіне қолайлы жағдайлар жасау; коммуникациялық ортаны қалыптастыруға және дамытуға, өмірге деген оң көзқарасын сақтауға, салауатты өмір салтын насихаттауға, заманауи техникалық құралдар мен ақпараттық технологияларды игеруге көмектесу; құқықтық сауаттылығын кеңейту, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру.

Тыңдаушылар теориялық және практикалық сабақтардан басқа шеберлік сыныптарына, тренингтерге, пікірталастарға, интерактивті іс-шараларға қатыса алады. Оқуды ойдағыдай аяқтаған тыңдаушыларға «Күміс университет» сертификаттары беріледі.

Жоба зейнеткерлердің әлеуметтік-мәдени дамуына, шығармашылық және кәсіби тұрғыдан өсуіне, жаңа қарым-қатынас шеңберінде орта табуына  мүмкіндік туғызады. Қызылорда «Болашақ»  университетіндегі «Күміс университет» жобасының іске қосылуы қоғаммен әрекеттесу форматындағы қажетті қадам болмақ.