ЕЛДЕСТІРМЕК – ЕЛШІДЕН!

Енгізілді: 11.04.2024Қаралғаны: 1553 рет

        Еуропалық одаққа мүше мемлекеттердің елшілері Қызылорда «Болашақ» университетіне ат басын тіреді. Сапар барысында елшілер университеттің материалдық-техникалық базасымен, студенттердің білім алу  процесімен танысты. Еуропалық Одаққа мүше 19 мемлекеттің елшілері зияткерлік капиталды ұлғайтуды, инвестициялық әлеуетті арттыруды, Қызылорда облысының аграрлық технологияларын, экология, агроөнеркәсіптік кешен, су ресурстары және басқа да салаларда кадрлар даярлауда бірлесіп жұмыс істеуге ниетті екен. Еске сала кетсек, 11-14 сәуір аралығында Қызылордаға Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттердің елшілері және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері арнайы жұмыс сапарымен келді. Облыс әкімдігінің шақыртуымен келген делегация сапарының негізгі мақсаты – өңірге инвестиция тарту мәселесін қарап, аймақтың инвестициялық әлеуетімен танысу.

       Сонымен қатар, елшілер өз мемлекеттеріндегі ЖОО қол жетімділігін тілге тиек ете отырып, екі елдің жоғары білім ошақтарының ынтымақтастықта болып, өзара білім алмасулары үшін «Болашақ» студенттерін өз елдеріне оқуға шақырды. Ұстаздардың айтуынша, бұл студенттер үшін таптырмас мүмкіндік. Шетелдік әріптестерінен білім алулары студенттердің білім көкжиегін кеңейтеді, - дейді. Білім – ақыл мен парасаттың үйлесімі.  Әрбір студент биік сана деңгейінде дәріс алып, алған  білімін ел игілігіне жаратса,  онда алдымызға қойған үлкен белесіміз бен биік мақсаттарымыздың орындалуына жасаған негізгі қадам болмақ. Еуроодақ елдерінен келген мәртебелі меймандарға шара соңында құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табысталды.

      ЕО пен Сыр елі  арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық, энергетика,  мәдениет, білім және ғылыми зерттеулер саласындағы ықпалдастыққа жол ашып келген елшілерге біз де сәттілік тіледік. «Елдестірмек – елшіден, жауластырмақ – жаушыдан» - деген қазақтың қалыбы бұзылмаған нақылына сүйеніп, қадірлі қонақтардың қадамын жақсылыққа баладық.