Берен тұлға Бердібек

Енгізілді: 25.04.2024Қаралғаны: 691 рет

       Қызылорда «Болашақ» университетінде мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Мәшбекұлы Сапарбаевты еске алуға арналған «Берен тұлға Бердібек» атты ғылыми-танымдық конференция болып өтті. Конференция аясында университет студенттерінің мәдени-көпшілік шарасы өтетін атриум зал Б.М. Сапарбаевтың атына беріліп, «Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы Б.М. Сапарбаев атындағы атриум зал» болып аталды.  

      Конференцияға Бердібек Мәшбекұлының бауырлары, қызметтес, үзеңгілес болған қоғам қайреткерлері, экономист ғалымдар, ғылыми-мәдени қауымдастықтардың көрнекті өкілдері қатысты. Халқына қадірлі, еліне елеулі болған тұлғаның өмір жолын, Қазақстанның 5 өңірін басқарған білікті басшының ізгілікке толы ізін және артында қалдырған мұрасын зерделеп, алдағы уақытта берен тұлғаны насихаттау жағы талқыланды. Қайраткер тұлғаның еңбек жолының  әрқашан жастарға үлгі боларына ешкімнің таласы жоқ.                                                                                                                                                                                                      «Ол әр жылдары жоғары лауазымды қызметтерді абыроймен атқарып, еліміздің өсіп-өркендеуіне зор еңбек сіңірді. Бірқатар өңірге және мемлекеттік органдарға жетекшілік етіп, парасатты, іскер әрі білікті басшы ретінде танылды. Халықтың ерекше сый-құрметіне бөленді. Қайраткер тұлғаның адами қасиеттері, кәсіби біліктілігі мен адал қызметі жас мемлекеттік қызметшілерге әрдайым үлгі-өнеге». Осы пікірден-ақ, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан республикасын қалыптастыру жолында үзеңгілес болған азаматқа берген бағасы жоғары екенін білуге болады.

    Бердібек Мәшбекұлының Қызылорда облысында әкім болған кезінде қанаттасып қызмет етіп, Қызылорда қаласының әкімі қызметін және тікелей Сапарбаевтың араласуымен құрылған арнайы экономикалық аймақтың әкімшілік кеңесінің төрағалығын атқарған, Мемлекет және қоғам қайраткері, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор, «Болашақ» университетінің Құрылтайшысы Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов ғылыми-танымдық конференцияны ашып, өзінің досқа, әріптеске деген сағынышқа толы естелігімен бөлісті.

       Осы жылдың басында Астана қаласында Бердібек Сапарбаевқа арналған екі бірдей кітаптың тұсаукесері өтті. «Өнегелі өмір» деп аталатын туындыда мемлекет және қоғам қайраткерінің жеткен жетістіктері, мақалалары, өміріне қатысты тың мәліметтер енгізілген. Ал, «Ерен де берен Бердібек» кітабына Бердібек Мәшбекұлының 130-ға жуық замандас, үзеңгілестерінің ол туралы естеліктері топтастырылған. Осы кітапты оқыған әрбір адам Сапарбаев феномені жайлы тереңірек түсінер еді.

       Қызылорда қаласының әкімі Серік Салауатұлы Қожаниязов алғаш мемлекеттік қызметті бастағанда Бердібек Сапарбаевтың тілектес болғанын тіліне тиек етіп, сол кездегі күрделі экономикалық жағдайға, сол қиыншылықтан алып шыққан қайраткердің ерен еңбегіне тоқталды.

      Қызылорда «Болашақ» университетінің аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты, Нұрлан Көбегенұлы «Ұлтының рухты азаматы» тақырыбында Б.М. Сапарбаевтың өмірі және қызметі туралы баяндама жасап, Бердібек Мәшбекұлының халықтың назарынан тыс қылған халықшыл қасиеттерін жарқырата көрсетті. Одан кейін мінберге сол кездегі әріптесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ирина Леонидовна Ким шығып, Б.М.Сапарбаевтың экономикаға сіңірген еңбегіне тоқталып, «Арнайы экономикалық аймақ» құрудағы елдің экономикалық өсуі және сәтті жобаның нәтижесі туралы ой қозғады.

      Сөз кезегі қазақ поэзиясының гладиаторы, ақын Шәкизада Өтетілеуұлына келгенде, қара сөздің керуені көшіп, нары шөгіп, конференция жұмысына қатысушыларды бір серпілтті.

      Жалпы, Бердібек Мәшбекұлы қызмет жасаған жылдардағы аймағымыздағы экономикалық өсім, оны тиімді іске асыру жолдары жайлы Балжан Мөрәліқызынан артық ешкім де білмейді. Сөз орайы келгенде Балжан Мөрәліқызы Шәменова талапшыл басшының тегурінді жобаларды жасағанын және олардың барлығы дерлігінің нәтижелі болғанын қатысушыларға баян етті. Содан кейін мінбеге  педогогика ғылымдарынығ кандидаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Болашақ» университетінің аға оқытушысы Әбдіхалықова Әлима Жақыпқызы көтеріліп, Сапарбаевтың арнаулы орта білім беру ошақтарына көрсеткен қолдауларын жіпке тізгендей тізбектеді.  

      Белгілі қоғам қайраткері, облыстық мәслихаттың депутаты Шәймағанбетов Әмірбек Бердібекұлы ол кісінің облыстық футболға көрсеткен шынайы қамқорлығын және сол кездегі дағдарыс жағдайына қарамай елді өрге сүйреген қайраткерлігін мақтан ететінін жеткізді.

      «Берен тұлға Бердібек» тақырыбындағы ғылыми-танымдық конференцияның  қорытынды сөзін Бердібек Мәшбекұлының бауыры Әлібек Мәшбекұлы түйіндеп, ұйымдастырушыларға шынайы алғысын айтып, ризашылығын білдірді.

   «Бердібек Мәшбекұлы ұзақ жылғы еселі еңбек жолында лауазымды қызметтерді абыройлы атқарып, еліміздің саяси-экономикалық, әлеуметтік-мәдени өркендеуіне және өңірлерді дамытуға мол үлес қосқан еді. Мемлекетіміздің сындарлы саясатын үлкен біліктілікпен жүргізе біліп, Қазақстанның беделі мен мәртебесінің арта түсуіне қажыр-қайратын жұмсады. Азаматтық қадір-қасиетімен ел ішінде құрметке бөленді. Соңына өшпес із қалдырған Бердібек Машбекұлының есімі мен жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады» - деген еді, Ел Президенті Қ.К. Тоқаев өзінің көңіл айту хатында. Бұл сөзден асырып айта алмас-ақ та,  алаштың арда азаматын есімізде сақтап, оның мемлекетшіл болмысын жастардың бойына дарытуға, халықшыл қасиетін насихаттауға міндетті екенімізді түсініп, конференцияға қатысушыларға алғысымызды айтып, игі шараны қорытындыладық.