Қызылорда «Болашақ» университетінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – қайсарлықтың тірегі» тақырыбындағы шарадағы ЖОО Құрылтайшысы, ҚР ҰҒА академигі, э.ғ.д., профессор Б.С.Досманбетовтің құттықтауы
Енгізілді: 12.12.2025Қаралғаны: 759 рет
Қызылорда «Болашақ» университетінде 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған «Тәуелсіздік – қайсарлықтың тірегі» тақырыбындағы шарадағы ЖОО Құрылтайшысы, ҚР ҰҒА академигі, э.ғ.д., профессор Б.С.Досманбетовтің құттықтауы
Құрметті әріптестер, білім алушылар, тәуелсіз елдің ертеңін қалыптастыратын өскелең ұрпақ!
Бүгін біз Қазақ елінің ең қастерлі құндылықтарының бірі Тәуелсіздігімізді ұлықтайтын маңызды шарада бас қосып отырмыз. Шараны «Тәуелсіздік – қайсарлықтың тірегі» деп атап отырғанымыз тегін емес. Өйткені, халқымыздың ғасырлар бойғы арманы, ұлт азаттығы мен еркіндігідәл осы қайсарлықтың, бірліктің, елдік сананың арқасында келді.
Тәуелсіздік – бізге жай берілген мәртебе емес. Ол – жауапкершілік.
Ол–елдік саясат, ұлттық рух, жаңа буынның білімі мен бәсекеге қабілеттілігі.
Бұл ретте жоғары білім ошақтарының рөлі айрықша. Білімді ұрпақсыз тәуелсіз мемлекеттің болашағы кемел болмайды. Сондықтан біз «Болашақ» университетін құрған кезде, ең алдымен, елге қызметететін ұрпақ тәрбиелеуді, туған жерінің дамуына үлес қосатын саналы азамат қалыптастыруды мақсат еттік.
Бүгінде университетіміз Қызылорда өңіріндегі іргелі білім ордасына айналды. Мұнда білім алып жатқан жастар – біздің ең үлкен байлығымыз, ұлттың болашағы. Біз әр студенттің бойынан талапты, намысты, отаншылдықты көруге тырысамыз. Өйткені тәуелсіздікті ұстап тұру оған жетуден де қиын. Ол үшін еңбек, тәртіп, білім, инновация, елге деген адалдық қажет.
Құрметті қауым!
Тәуелсіздікдеген тек мемлекеттік рәміздер мен шекарамыз емес.
Тәуелсіздік – ой еркіндігі, сана еркіндігі, ғылымға, жаңалыққа жол ашу. Сондықтан бүгінгі жастардан күтеріміз көп. Сіздерге сенім зор. Елдің дамуына, экономикасына, ғылымына, мәдениетіне, экологиясына, халықаралық бәсекелестікке үлес қосатын– Сіздер!
Біздің міндет – сіздерге сапалы білім, жақсы жағдай, кең мүмкіндік беру.
Сіздердің міндет – туған елімізді сүю, біліммен қарулану, еңбектену және еңбастысы – тәуелсіздіктің құнын түсіну, оны қорғау.
Қадірлі ағайын!
Бәріміз бірлікпен, ынтымақ пен білім мен еңбекке сүйеніп, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа жетістіктерін бірге жасайық! Қазақ елінің көк байрағы әрдайым биікте желбірей берсін!
Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз баянды болсын!
Қазақша
Русский
English














