«ҚР САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ: ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР МЕН ЦИФРЛЫҚ ШЕШІМДЕР» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ҚОНАҚ ДӘРІС
Енгізілді: 19.11.2025Қаралғаны: 6 рет
«ҚР САЛЫҚ ЖҮЙЕСІНІҢ ЖАҢА КЕЗЕҢІ: ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҢАЛЫҚТАР МЕН ЦИФРЛЫҚ ШЕШІМДЕР» ТАҚЫРЫБЫНДАҒЫ ҚОНАҚ ДӘРІС
Қызылорда «Болашақ» университетінде «Экономика, аудит, бизнес және басқару» кафедрасының ұйымдастыруымен «Консалтингтік қызметтер орталығы «Баланс+» ЖШС-нің бас бухгалтері Баймаханова Ақмарал Әбіласанқызы «ҚР жаңа Салық кодексінің енгізілуі және оның салық есебі жүйесіне ықпалы: цифрлық экономика мен жасанды интеллект мүмкіндіктері» тақырыбында қонақ дәріс өткізді.
Дәрістің мақсаты – білімалушыларға Қазақстан Республикасының жаңа Салық кодексінің негізгі қағидаттарын түсіндіру, оның салық есебі жүйесіне енгізген өзгерістерін талдау, цифрлық экономика, жасанды интеллект технологияларының салықтық әкімшілендіруді жетілдірудегі рөлін анықтау,сондай-ақ студенттерге салық жүйесіндегі заманауи үдерістерді, цифрландыру мүмкіндіктерін және олардың бизнес пен аудит саласындағы тиімділігін бағалауды үйрету.
Дәріске «Экономика, аудит, бизнес және басқару», «Арнайы педагогика және психология», «Математика және ақпараттық технологиялар» кафедраларының профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылары қатысты.
Дәріс барысында Ақмарал Әбіласанқызы Қазақстандағы салық жүйесінің жаңа кезеңге аяқ басқанын атап өтіп, қабылданған Салық кодексінің басты жаңашылдықтарын жан-жақты түсіндірді. Ол жаңа нормалардың негізгі мақсаты салықтық әкімшілендіруді жеңілдетіп, бизнеске қолайлы әрі болжамды орта қалыптастыру екенін ерекше атап өтті. Жаңа кодекстің енгізілуімен салық есебінде цифрландырудың рөлі айтарлықтай артқанын тілге тиек етті.
Дәрістің маңызды бөлігі жасанды интеллекттің салық саласына ықпалына арналды. Жасанды интеллект — болашақтың ғана емес, бүгінгі күннің құралы, ол салықтық процестерді жаңа деңгейге көтеріп, адами факторға тәуелділікті азайтады.
Бұл дәріс білім алушылар үшін құнды бағыт-бағдар болып, салық жүйесіндегі жаңа технологиялардың рөлі туралы кең ауқымды түсінік қалыптастырды.
Дәріс соңында білім алушыларға мазмұнды сұрақтар қойылып, ең үздік жауап берген қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.
Қазақша
Русский
English














