ҚЫЗЫЛОРДА «БОЛАШАҚ» УНИВЕРСИТЕТІ «ФИЛОЛОГИЯ, ЖУРНАЛИСТИКА ЖӘНЕ ТАРИХ» КАФЕДРАСЫНЫҢ БІЛІМ АЛУШЫЛАРЫ ЖАЗУШЫ СӘУЛЕ ДОСЖАННЫҢ «БАЛА ШАҚТАН – БОЛАШАҚҚА» КІТАБЫНЫҢ «ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН» (АЛАСАПЫРАН КЕЗЕҢ) БӨЛІМІН ТАЛДАДЫ.

Енгізілді: 04.12.2025Қаралғаны: 5 рет

ҚЫЗЫЛОРДА «БОЛАШАҚ» УНИВЕРСИТЕТІ «ФИЛОЛОГИЯ, ЖУРНАЛИСТИКА ЖӘНЕ ТАРИХ» КАФЕДРАСЫНЫҢ БІЛІМ АЛУШЫЛАРЫ  ЖАЗУШЫ СӘУЛЕ ДОСЖАННЫҢ «БАЛА ШАҚТАН – БОЛАШАҚҚА» КІТАБЫНЫҢ «ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚСТАН»(АЛАСАПЫРАН КЕЗЕҢ) БӨЛІМІН  ТАЛДАДЫ.

 

Кафедраның аға оқытушысы, т.ғ.к. А.Т. Еспенбетова, аға оқытушы С.М. Кеулимжаева кітапта тәуелсіз Қазақстанның алғашқы қадамдары мен «аласапыран» кезеңдегі күрделі жағдай шынайы бейнеленгендігін атап өтті. Білім алушылар мен кафедраның профессор-оқытушылары бөлімде сипатталған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тәуелсіз мемлекеттің сыртқы саясатын қалыптастырудағы еңбегін жан-жақты қарастырды.

Талқылау барысында білім алушылар тәуелсіздіктің қазақ халқы үшін ғасырлар бойғы мұрат екенін, оның мәнін ұлттық мемлекеттіліктің негізі, әрі кейінгі ұрпаққа жүктелген жауапкершілік ретінде бағалау қажеттігін атап өтті. Қ.К. Тоқаевтың саяси қызметі тәуелсіз мемлекеттілікті нығайтуға және сыртқы саясатты жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған стратегиялық үдерістермен байланыстылығы сөз болды.

Қ.К. Тоқаевтың шетелдердегі дипломатиялық қызметі және жаһандық саясаттағы өзгерістерді меңгеруі оның Қазақстанның сыртқы саяси бағытын айқындауда шешуші рөл болғаны атап өтілді. Жазушы бұл кезеңді «аласапыран уақыт» деп сипаттай отырып, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ішкі және сыртқы саяси жағдайдың күрделілігін көрсетеді. Мемлекеттің шет елдермен тең құқылы дипломатиялық қатынастар орнатуы, алғашқы елшіліктердің ашылуы және халықаралық ұйымдармен байланыстардың қалыптасуы жас республиканың сыртқы саяси болашағы үшін стратегиялық шешімдер болғанына аса назар аударылды.

Сонымен қатар, С.Досжанның Қазақстанның ядролық мұрадан бас тарту шешімін сипаттауына ерекше мән берілді. Қ.К. Тоқаевтың ядролық қарусыздану мәселелеріне байланысты жүргізген келіссөздері мен халықаралық серіктестермен өзара іс-қимылы ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды қадам болғаны атап өтілді.

Талқылау барысында көпвекторлы сыртқы саясат тұжырымдамасы да қаралды. Білім алушылар бұл саясаттың Қазақстанның әлемдік державалармен теңгерімді, өзара тиімді және прагматикалық қатынастар орнатуға бағытталғанын, мемлекеттің саяси тұрақтылығын қамтамасыз еткен кәсіби және көреген дипломатиялық шешімдер нәтижесі болғанын талдады. Сондай-ақ  Қ.К. Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесіндегі қызметін ел дипломатиясының ірі жетістігі ретінде бағалады.

Талқылау қорытындысында білім алушылар мен профессор-оқытушылар Қ.К. Тоқаев тұлғасын тек кәсіби дипломат немесе мемлекет қайраткері ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саяси негізін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан тарихи тұлға екеніне көз жеткізді.