1 НАУРЫЗ – АЛҒЫС АЙТУ КҮНІ

Енгізілді: 01.03.2026Қаралғаны: 8 рет

Құрметті университет ұжымы, ардақты студент жастар, қадірлі жерлестер және барша отандастар!

 

1 наурыз – Алғыс айту күні – халқымыздың ізгілікке негізделген болмысын айқындайтын, татулық пен адамгершіліктің қадірін ұғындыратын ерекше мереке. Бұл күн – өткенге тағзым етіп, бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын сезінетін, бір-бірімізге ризашылық білдіріп, жүрек жылуын бөлісетін тағылымды сәт.

Қазақ халқы қай кезеңде де бірлік пен мейірімділікті өмірлік ұстаным етіп келген. Қиын-қыстау замандарда бір-біріне сүйеу болған халықтың кең пейілі мен дархан мінезі бүгінгі тұрақтылық пен келісімнің берік негізіне айналды. Алғыс айту күні – осы асыл құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіретін рухани мереке.

Осы мерекеде білім мен ғылым жолында еңбек етіп жүрген ұстаздар қауымына, ел болашағын айқындайтын білімді жастарға, сондай-ақ қоғамның дамуына үлес қосып жүрген барша азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздердің адал еңбектеріңіз — мемлекетіміздің кемел келешегінің кепілі.

Білім ордалары тек маман даярлайтын мекеме емес, ол — елдік сана мен ұлттық құндылықтарды қалыптастыратын рухани орталық. Сондықтан университетіміздің әрбір жетістігі – ортақ еңбектің, өзара құрмет пен сенімнің нәтижесі.

Алғыс айту күні баршамызды жақсылыққа үндеп, қоғамдағы бірлік пен өзара сыйластықты нығайта берсін!

Баршаңызға зор денсаулық, отбасы амандығын, ел игілігі жолындағы табысты еңбек тілеймін! Елімізде әрдайым татулық пен береке, өзара түсіністік пен ымыра орнықсын!

 

Ізгі тілекпен,

Б.С. Досманбетов,

Қызылорда «Болашақ» университетінің Құрылтайшысы,

ҚР ҰҒА академигі, э.ғ.д., профессор