ҚҰРМЕТТІ АҒАЙЫН, ҚАДІРЛІ ОТАНДАСТАР!

Енгізілді: 12.03.2026Қаралғаны: 7 рет

ҚҰРМЕТТІ АҒАЙЫН, ҚАДІРЛІ ОТАНДАСТАР!

 

Бүгін біз ел тағдырына тікелей әсер ететін маңызды тарихи кезеңнің алдында тұрмыз. Бұл – еліміздің болашағын айқындайтын Жаңа Конституцияға байланысты жалпыхалықтық референдум.

Конституция жай ғана заңдар жинағы емес. Ол – мемлекеттің бағытын, қоғам құндылықтарын және әр азаматтың өмір сапасын анықтайтын басты құжат. Сондықтан ұсынылып отырған өзгерістердің ішінде халықтың әл-ауқатына тікелей қатысты салалардың бірі денсаулық сақтау жүйесі ерекше басымдыққа ие.

Жаңа Конституциялық өзгерістерде адамның өмірі мен денсаулығы мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде нақты айқындалады. Бұл қағаз жүзіндегі ұран емес, мемлекет жауапкершілігінің күшеюі деген сөз.

Біріншіден, азаматтардың сапалы медициналық көмекке қол жеткізу құқығы нығайтылады. Яғни, қай өңірде тұрса да, әрбір қазақстандыққа медициналық қызметтің қолжетімді болуы, мемлекеттің тікелей міндеті ретінде бекітіледі.

Екіншіден, алдын алу медицинасына басымдық беріледі. Ауруды емдеуден бұрын оның алдын алу – дамыған елдердің басты ұстанымы. Скрининг, профилактика, ана мен бала денсаулығын қорғау, ауыл медицинасының дамуы – жаңа саясаттың негізгі бағыттарының бірі.

Үшіншіден, медицина қызметкерлерінің мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуы күшейеді. Себебі дәрігердің жағдайы жақсармай, халық денсаулығы жақсармайды.

Төртіншіден, жаңа өзгерістер денсаулық сақтау саласының ашықтығын арттыруға, медициналық қызмет сапасын бақылауды күшейтуге және халық алдындағы жауапкершілікті нақтылауға бағытталған.

Құрметті азаматтар!       Денсаулық – жеке адамның ғана емес, тұтас ұлттың байлығы. Мықты мемлекет дені сау қоғамнан басталады. Сондықтан Конституциядағы бұл басымдықтар еліміздің әлеуметтік мемлекет ретіндегі бағытын нығайтады.

Референдум – биліктің емес, халықтың таңдауы. Әрбір дауыс – ел болашағына қосылған үлес. Біз сырттан бақылаушы емес, мемлекет тағдырына жауапты азамат екенімізді дәлелдейтін сәт келді.
    Сондықтан баршаңызды алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырамын. Өз таңдауымызды жасап, ел дамуына, ұлт денсаулығына және болашақ ұрпақтың игілігіне үлес қосайық.

Біздің дауысымыз – біздің болашағымыз. Бірге шешім қабылдайық!

Назарларыңызға рахмет!