ҚЫЗЫЛОРДА «БОЛАШАҚ» УНИВЕРСИТЕТІНДЕ КӨРІСУ-АМАЛ КҮНІНЕ ОРАЙ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ МӘДЕНИ ШАРА ӨТТІ

Енгізілді: 14.03.2026Қаралғаны: 7 рет

ҚЫЗЫЛОРДА «БОЛАШАҚ» УНИВЕРСИТЕТІНДЕ КӨРІСУ-АМАЛ КҮНІНЕ ОРАЙ ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮРДІ ҰЛЫҚТАҒАН ТАҒЫЛЫМДЫ МӘДЕНИ ШАРА ӨТТІ

 

Көрісу-Амал күніне орай ұйымдастырылған мерекелік концерт көрерменге  ерекше рухани әсер сыйлап, қазақы салт-дәстүрдің мәнін тағы бір мәрте айқындады.

 Ежелден келе жатқан Амал мерекесі жаңа жылдың бастауын білдіретін, адамдар бір-бірімен көрісіп, амандық тілейтін, татулық пен бауырмалдықты дәріптейтін қасиетті күн. Осы игі дәстүрді жаңғыртқан кешке университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері ұлттық нақыштағы киім киіп келіп, мерекенің сәнін арттырды.

 Концерттік бағдарламада халқымыздың рухани мұрасын танытатын ән-күй мен заманауи шығармалар орындалып, көрерменнің көңілін тербеді. Атап айтқанда, Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде» әні, Ақансері Қорамсаұлының әйгілі «Маңмаңгері», Тұрсынжан Шапайдың «Дариға дәурені» және халық әні «Бүлдірген» көрерменге ерекше әсер сыйлады.

 Сонымен қатар, қазақ күй өнерінің жауһарлары да орындалып, күй күмбірі кештің ажарын аша түсті. Құдіретті күйші Қазанғап Тілепбергенұлының күйлері, Дәулеткерей Шығайұлының «Көрұғылысы» және Мұрат Сыздықовтың «Мұраттың төкпесі» шығармалары тыңдарманды тәнті етті. Домбыраның шанағынан төгілген күмбір үнімен әсем әннің әуені ұлттық өнердің мәңгілік рухын сезіндіріп, көпшіліктің көңіл түкпіріндегі ой теңізін толқытты.

 Ұлттық өнер мен дәстүр сабақтастығын дәріптеген бұл мерекелік кеш жастардың рухани дүниесін байытып, ұлттық сана мен мәдени құндылықтарды ұлықтауға бағытталған маңызды мәдени шараға айналды.