Шығармашылық пен ұстаздық жолдың тоғысы
Енгізілді: 17.03.2026Қаралғаны: 8 рет
Шығармашылық пен ұстаздық жолдың тоғысы
Кеше Ә. Тәжібаев атындағы кітапхана төрінде ерекше рухани кеш өтті. Қарымды қалам иесі, журналист, редактор, ұстаз, ғалым Нұрлан Көбегенұлының шығармашылық жолына – 30 жыл, ал өзі негізін қалаған «Ұстаз мәртебесі» газетінің жарық көргеніне 15 жыл толуына орай мазмұнды әрі тағылымы мол мерекелік шара ұйымдастырылды.
Кеш барысында Нұрлан Көбегенұлының отыз жылғы шығармашылық еңбегі кеңінен сараланып, қазақ журналистикасына қосқан үлесі жан-жақты талқыланды. Облыстық телеарнадан көрсетілген «Параллель» бағдарламасындағы ой-толғамдары да көрерменге ұсынылып, қаламгер тұлғасының терең қырларын аша түсті.
«Ұстаз мәртебесі» – білім саласының айнасы. Бұл басылым жай ғана газет емес. Ол – өңірлік білім саласының тынысын танытатын, ұстаз мәртебесін көтерген рухани мінбер. 2011 жылдың 18 наурызында алғаш жарық көрген газет бүгінгі күнге дейін өз оқырманын тауып, ұстаздар қауымының сенімді серігіне айналды. Алғашқы тиражы 3800 дана болса, бүгінде мазмұны терең, аудиториясы қалыптасқан беделді басылымдардың қатарында.
Газет бетінде жарияланған материалдар ұстаз бен оқушы арасындағы байланысты нығайтып қана қоймай, білім саласындағы өзекті мәселелердің шешімін табуға ықпал етіп келеді. «Маман мінбері», «Ұстаз мерейі», «Мектеп мақтанышы» сынды тұрақты айдарлар – соның айқын дәлелі.
Жоба мен жаңашылдықтың жаршысы «Ұстаз мәртебесі» газеті тек ақпарат таратушы ғана емес, қоғамға серпін беретін бастамалардың ұйытқысы:«Аламан» спорт бәйгесі салауатты өмір салтын насихаттайды,
«Үздік жас ғалым» байқауы дарынды жастарды қолдайды,
«Зерде» интеллектуалды ойыны таным көкжиегін кеңейтеді.
Ұстаздар арасында ұйымдастырылатын түрлі конкурстар – тәжірибе алмасудың тиімді алаңы.
Биылғы 15 жылдық мерейтой аясында жаңа кітаптың жарық көруі – осы еңбектің заңды жалғасы.
Қаламгерге құрмет – ұлтқа құрмет. Нұрлан Көбегенұлы – тек журналист қана емес, ұстаздық жолды да абыроймен алып жүрген тұлға. Ол Қызылорда «Болашақ» университеті «Филология, тарих және журналистика» кафедрасының аға оқытушысы ретінде жас мамандарды тәрбиелеуге де үлес қосып келеді.
Кеш барысында әріптестері мен шәкірттері жүрекжарды лебіздерін білдіріп, шығармашылық тұлғаға деген құрметтерін көрсетті. Әсіресе, Марат Сүгірбайдың Тұрымбет жыраудың «Күміс-ай» әнін орындауы кештің көркін аша түсті.
15 жыл бойы үздіксіз жарық көріп, оқырман сеніміне ие болған «Ұстаз мәртебесі» ұлт руханиятына қызмет етіп келе жатқан құнды басылым. Ал Нұрлан Көбегенұлы – сол руханияттың шамшырағы.
Шығармашылық жолыңыз өрлеп, еңбегіңіз елене берсін!
«Ұстаз мәртебесінің» ғұмыры ұзақ, жолы жарық болсын!
Қазақша
Русский
English














