«БОЛАШАҚ» – БАҚЫТ БАС ТАУЫ
Енгізілді: 25.06.2026Қаралғаны: 5 рет
«БОЛАШАҚ» – БАҚЫТ БАС ТАУЫ
Бүгін Қызылорда «Болашақ» университетінде 2025-2026 оқу жылының түлектеріне диплом табыстауға арналған салтанатты кеш өтті. Бұл күн – оқу ордасы тарихындағы ерекше әрі маңызды күндердің бірі, білімге деген талпыныс пен табандылықтың, қажырлы еңбек пен ізденістің жарқын нәтижесі.
Жылдар қойнауына кеткелі тұрған бұл сәттің өзіндік сиқыры бар. Әдемі әуен, толассыз тілектер, түлектердің жылдар бойғы жетістіктері, еленген еңбек, үміті ақталған ата-ана, ыстық ықыластар, құшақ толы гүлдер, мың бұралған бишілер – барлығы бітірушілер мерекесінің көңілді атмосферасын құрады.
Салтанатты кештің ерекшелігі сол – түлектерге дипломдарды білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, білім сапасын қамтамасыз етуге, түлектердің жұмысқа орналасу деңгейін арттыруға, сондай-ақ, университеттің беделі мен бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға ықпал етіп жүрген стейкхолдерлер табыстады. «Қызылорда облысы білім басқармасының №5 арнайы мектеп-интернаты» КММ, «Қызылорда облысы білім басқармасының «Асыл Мирас» аутизмі бар балаларды қолдау орталығы» КММ, Олимпиадалық емес спорт түрлерінен жоғары спорт шеберлігі мектебі, «Темирлан Проект» ЖШС, «Жастар Рухы» Жастар қанаты облыстық филиалы, ЖШС «Grand master» бағдарламалау мектебі, №50 «Жұлдыз» балабақшасы, «ORDA GLASS LTD» ЖШС, «Фридом Банк Қазақстан» АҚ Қызылорда қаласы филиалының өкілдері оқу ордасының қуанышына ортақ болып, жас мамандарға алғаусыз ақ тілектерін арнады. Оқу орны тарапынан жұмыс берушілер мен түрлі жобаларды бірігіп жүзеге асырып жүрген мекемелерге «Үздік серіктес» номинациясы мен арнайы алғыс хаттар берілді.
Түлектер мерекесіне арналған кешке Қызылорда облысының жастарына қолдау көрсету мақсатында маңызды жобаларды жүзеге асырып жүрген «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ, «Қазгермұнай» БК» ЖШС өкілдері арнайы шақырылып, Қызылорда «Болашақ» университеті Құрылтайшысы Досманбетов Бақберген Сәрсенұлы атынан «Үздік әлеуметтік әріптес» номинациясы мен алғыс хаттар табысталды.
Университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы мен қадірлі қонақтар құттықтау сөз сөйлеп, жас мамандарға ақ жол, кәсіби табыс пен жарқын болашақ тіледі.«Қазақстан халқына» қоры грант иегерлеріне, үздік түлектерге және олардың ата-аналарына ерекше құрмет көрсетілді. Мереке иелеріне арнап облыстық филармония әншісі, халықаралық конкурстар лауреаты Қойшығара Аружан, Қызылорда «Болашақ» университеті түлегі, аймағымызға белгілі әнші Кеңес Нұртуған, отбасылық дуэт Дәуіржан мен Кәмшат өнер көрсетті.
Құрметті түлектер! Сіздерді өмірлеріңіздегі маңызды белеспен шын жүректен құттықтаймыз! Білімдеріңіз бен қабілеттеріңіз ел игілігі жолында қызмет етіп, таңдаған кәсіптеріңіздің білікті маманы атануларыңызға тілектеспіз. Қайда жүрсеңіздер де университетіміздің абыройын асқақтатып, биік белестерді бағындыра беріңіздер!
Жолдарыңыз ашық, армандарыңыз асқақ болсын!
Қазақша
Русский
English














