БОЛАШАҚ ЗАҢГЕРЛЕР ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Енгізілді: 09.10.2026Қаралғаны: 12 рет
БОЛАШАҚ ЗАҢГЕРЛЕР ПОЛИЦИЯ ҚЫЗМЕТІМЕН ТАНЫСТЫ
Қызылорда облысы Полиция департаменті мен «Болашақ» университеті арасындағы өзара ынтымақтастық туралы меморандум аясында университеттің «Экономика және құқық» кафедрасының практик-аға оқытушысы Г. Болатбекованың жетекшілігімен 2 және 3-курс білім алушыларына арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды.
Шараның мақсаты – болашақ заңгерлердің құқық қорғау органдарының қызметі туралы практикалық түсінігін қалыптастыру, теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастыру және кәсіби бағдар беру.
Бағдарлама аясында білім алушылар Қызылорда қалалық полиция басқармасының жұмысымен танысып, уақытша ұстау изоляторын, жедел-криминалистикалық бөлімді және әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстауға арналған орындарды аралады.
Жедел-криминалистикалық бөлім қызметкерлері қылмыстарды ашу мен тергеу кезінде қолданылатын заманауи криминалистикалық құралдар мен әдістерді көрсетіп, күнделікті қызметінің ерекшеліктерімен бөлісті.
Сондай-ақ қатысушылар уақытша ұстау изоляторы мен әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстау орындарының жұмыс тәртібі және аталған нысандарда заң талаптарының сақталуы туралы мағлұмат алды.
Кездесу соңында білім алушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметінің ерекшеліктері жөнінде мамандардан тікелей жауап алды. Мұндай тәжірибелік іс-шаралар болашақ мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастырып, құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Теория мен тәжірибе сабақтасқан жерде – білікті маман қалыптасады!
Университет пен полиция департаменті арасындағы ынтымақтастық аясында ұйымдастырылатын осындай кәсіби бағдар беру кездесулері алдағы уақытта да жалғасын табады.
Қазақша
Русский
English














