ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ!

Енгізілді: 14.10.2026Қаралғаны: 194 рет

ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ!


         Қызылорда «Болашақ» университетінің Ғылыми кеңес отырысы аясында саналы ғұмырын білім мен ғылымға арнап, жас ұрпақ тәрбиесіне және ЖОО дамуына елеулі үлес қосып келе жатқан ұлағатты ұстаздардың мерейтойына арналған салтанатты құттықтау рәсімі ұйымдастырылды.
Мерекелік жиында «Филология, журналистика және тарих» кафедрасының аға оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты Спасова Лилия Викторовнаның 70 жасқа, аталған кафедраның аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі Сапартаева Лаззат Егізбайқызының 50 жасқа толу мерейтойлары ерекше құрметпен атап өтілді.

Лилия Викторовна – жарты ғасырға жуық ғұмырын жоғары білім беру саласына арнаған, ғылыми-педагогикалық қызметінде мол тәжірибе жинақтаған білікті маман. Ол ұзақ жылдар бойы оқытушылық және басшылық қызметтер атқарып, білім алушылардың кәсіби қалыптасуына, оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстардың дамуына зор үлес қосты. 2000 жылдан бері Қызылорда «Болашақ» университетінде абыройлы еңбек етуде.
Лаззат Егізбайқызы – білім беру мен тәрбие саласында өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан, кәсіби біліктілігі мен ұйымдастырушылық қабілетін ұштастыра білген тәжірибелі ұстаз. 2003 жылдан бері университетімізде аға оқытушы қызметін атқарып, болашақ мамандардың сапалы білім алуына, рухани-адамгершілік құндылықтарының қалыптасуына және кәсіби дамуына үлес қосып келеді.

Салтанатты жиынға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-оқытушылары, қала мектептерінің педагогтері мен білім беру ұйымдарының өкілдері арнайы қатысып, мерейтой иелеріне жүрекжарды лебіздерін білдірді. Қонақтар әріптестеріміздің кәсіби жетістіктеріне, ұстаздық өнегесіне және адами қасиеттеріне ерекше тоқталды.
Ғылыми кеңес отырысында университет басшылығы мерейтой иелерінің білім мен ғылым жолындағы қажырлы еңбектерін жоғары бағалап, университет ұжымы атынан құттықтау адресаттары мен гүл шоқтарын табыстады.

Ұстазға көрсетілген құрмет – ғылым мен білімге көрсетілген құрмет. Өмірлік тәжірибесі мен кәсіби біліктілігін шәкірт тәрбиесімен ұштастырған әріптестеріміздің өнегелі еңбек жолы – кейінгі буынға үлгі, университетіміз үшін мақтаныш.

Құрметті Лилия Викторовна және Лаззат Егізбайқызы!
Сіздерді мерейлі жастарыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге мықты саулық, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке, шығармашылық шабыт пен толағай табыс тілейміз! Ұстаздық жолдағы абыройларыңыз асқақтап, шәкірттеріңіздің жетістігі мен әріптестеріңіздің құрметіне бөлене беріңіздер!