ҚАЗАҚ ТІЛІ БІЛІМІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН ҚОНАҚ ДӘРІС ӨТТІ
Енгізілді: 08.10.2026Қаралғаны: 330 рет
ҚАЗАҚ ТІЛІ БІЛІМІНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІНЕ АРНАЛҒАН
ҚОНАҚ ДӘРІС ӨТТІ
Қызылорда «Болашақ» университетінде білім алушылардың ғылыми ізденісін арттыру, теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру және академиялық орта мен кәсіби қауымдастық арасындағы байланысты нығайту мақсатында кезекті қонақ дәріс ұйымдастырылды.
Ғылыми-танымдық кездесуге отандық тілтану ғылымының көрнекті өкілдері арнайы қатысып, қазақ тіл білімінің өзекті мәселелері, тілдің қоғамдағы қызметі және қазіргі лингвистиканың бағыттары бойынша мазмұнды дәрістер ұсынды.
Қонақ дәріс спикерлері: Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Бекен Сағындықұлы; Мемлекеттік тілді дамыту институтының атқарушы директоры, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қапалбек Бижомарт Сейсенбекұлы; Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, PhD Ақтаева Нағима Хабдрашитқызы.
Дәріс барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Б.Сағындықұлы қазақ тілінің синтаксистік құрылымы мен оның теориялық мәселелеріне тоқталып, ғылыми тұжырымдарымен бөлісті. Ал филология ғылымдарының кандидаты, доцент Б.Қапалбек қазақ тілін оқытудың қазіргі бағыттары мен білім мазмұнын жаңғыртудың өзекті мәселелерін кеңінен таныстырды.
Кездесу барысында білім алушылар ғалымдарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тіл білімі саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Қонақ дәрістің басты құндылығы – білім алушылардың жаңа ақпарат алуымен ғана шектелмей, ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастыруына, зерттеушілік қызығушылығын арттыруына және кәсіби көзқарасын кеңейтуіне мүмкіндік беруінде.
Шара соңында қонақ ғалымдарға мазмұнды дәрістері мен тағылымды ой-пікірлері үшін алғыс білдіріліп, Қызылорда «Болашақ» университетінің Құрылтайшы-Президенті, ҚР ҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Б.С.Досманбетовтың арнайы Алғыс хаттары табысталды.
Ғылым мен білім сабақтастығын нығайтатын мұндай кездесулер жас зерттеушілердің ғылыми ізденісіне серпін беріп, кәсіби дамуына жол ашады.
Қазақша
Русский
English














