ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ӨМІРШЕҢДІГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

Енгізілді: 29.10.2026Қаралғаны: 41 рет

ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ӨМІРШЕҢДІГІ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

 

2026 жылғы 29 қазанда Қызылорда «Болашақ» университетінде «Қазақ тілінің өміршеңдігін сақтаудың заманауи тетіктері: цифрлық кітап оқу мәдениеті және жазушы тезаурусы» тақырыбында республикалық ғылыми семинар өтті.

Ауқымды ғылыми іс-шара А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Қызылорда «Болашақ» университетінің ұйымдастыруымен «Қазақ тілінің өміршеңдігі: жазушы тілінің тезаурусын әзірлеу және көркем сөздің семантикалық трансформациясын лингвокогнитивтік аспектіде зерттеу» ғылыми жобасы аясында өткізілді.

Семинардың негізгі мақсаты – қазақ тілінің өміршеңдігін сақтаудың ғылыми-теориялық және практикалық тетіктерін талқылау, цифрлық кеңістіктегі кітап оқу мәдениетін дамыту, жазушы тезаурусын әзірлеудің өзекті мәселелерін саралау және ұлттық әдеби мұраның лингво мәдени әлеуетін айқындау.

Ғылыми жиынға еліміздің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғалымдары, профессор-оқытушылар, зерттеушілер және білім беру саласының өкілдері қатысты. Семинар аясында жазушы С.Мұратбековтің 90 жылдық мерей тойына арналған оқу марафонының жеңімпаздары марапатталып, алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.  Бұл – жас ұрпақтың көркем әдебиетке қызығушылығын арттыруға, ұлттық рухани мұраны дәріптеуге бағытталған игі бастамалардың бірі.

Ғылыми бас қосу мазмұнды пікір алмасуға, өзара тәжірибе бөлісуге және ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді. Қазақ тілінің өміршеңдігін сақтау – тек тіл мамандарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Ал кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық әдеби мұраны цифрлық кеңістікке бейімдеу және көркем сөздің танымдық әлеуетін зерттеу – осы міндетті жүзеге асырудың маңызды бағыттары.