БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІНЕ САЛЫНҒАН ЕҢ ҚҰНДЫ ИНВЕСТИЦИЯ

Енгізілді: 30.10.2026Қаралғаны: 315 рет

БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМ – ЕЛДІҢ ЕРТЕҢІНЕ САЛЫНҒАН ЕҢ ҚҰНДЫ ИНВЕСТИЦИЯ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім мен ғылым саласының дамуына, ұстаз мәртебесін арттыруға және педагог еңбегін бағалауға ерекше мән берілді.

Президенттің білім беру саласындағы өзгерістер мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, артық жүктемені азайтуға бағытталуы қажеттігін атап өтуі – педагогикалық қауымдастық үшін аса маңызды ұстаным. Өйткені ұстаздың басты міндеті – есеп толтыру емес, сапалы білім беру, саналы ұрпақ тәрбиелеу.

Білім сапасы толтырылған құжаттың санымен емес, шәкірттің алған білімімен, қалыптасқан дүниетанымымен және өмірлік ұстанымымен өлшенуі тиіс.

Мемлекет басшысының мұғалім абыройын қорғау мәселесін көтеруі де ерекше қолдауға лайық. Ұстаз мәртебесі тек материалдық қолдаумен немесе заңнамалық нормалармен шектелмейді. Оның негізінде қоғамдық құрмет, кәсіби бедел және адамгершілік құндылықтар жатыр. Ұстазын қадірлеген қоғам ғана білімді әрі тәрбиелі ұрпақ қалыптастыра алады.

Жолдауда ғылымның ел дамуының стратегиялық тірегі екендігіне де назар аударылды. Президенттің «Қазіргі заманның басты қуаты – білім мен ғылымда, озық инновацияларда» деген тұжырымы бүгінгі қоғамның басты даму бағдарын айқындайды.

Шын мәнінде, ғылымның өркендеуі – мемлекеттің интеллектуалдық әлеуетінің артуы. Сондықтан жоғары оқу орындарында ғылыми ізденіске қолайлы жағдай жасау, жас ғалымдарды қолдау, ғылыми мектептердің сабақтастығын сақтау және зерттеу нәтижелерінің сапасына басымдық беру маңызды. Ғылымды тек жарияланымдар санымен емес, оның жаңалығымен, мазмұнымен және қоғамға тигізетін нақты пайдасымен бағалау қажет.

Бұл ретте гуманитарлық ғылымдардың да орны ерекше. Ұлттық тілді, тарихты, әдебиет пен мәдени мұраны зерттеу – халқымыздың рухани тұтастығын сақтаудың маңызды негізі. Экономикасы қуатты мемлекет құру үшін технология қажетболса, рухы берік ұлт қалыптастыру үшін тіл, тарих, мәдениет және терең білім қажет.

Президент Жолдауында көтерілген міндеттер жоғары оқу орындарына да үлкен жауапкершілік жүктейді. Университеттің басты мақсаты – білімді ғана емес, дербес ойлайтын, ғылыми ізденіске қабілетті, ұлттық құндылықтарды құрметтейтін білікті маман даярлау.

Білім мен ғылым саласының өкілі ретінде ұстаз еңбегін бағалау мен ғалымның ізденісін қолдау – бүгінгі күннің ғана емес, келер ұрпақ алдындағы жауапкершілік деп есептеймін.

Ұстазға жағдай жасалған елде білім дамиды. Ғалымға қолдау көрсетілген елде жаңалық туады. Білім мен ғылымды қадірлеген елдің болашағы баянды болады.

Ендеше, Президент Жолдауын даайтылған маңызды бастамалардың нақты іске асуы – ортақ міндет. Өйткені ұлттың болашағы мектептің сыныбында, университеттің дәрісханасында және ғалымның зерттеу үстелінде қалыптасады.

 

Ж. Нұрсұлтанқызы,

Қызылорда «Болашақ» университеті

«Филология, журналистика және тарих»

кафедрасының меңгерушісі,

ф.ғ.к., қауымдастырылған профессор