БОЛАШАҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНЫ

Енгізілді: 30.10.2026Қаралғаны: 309 рет

БОЛАШАҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНЫ

 

Мемлекет басшысының«Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауы еліміз алдында тұрған тағы бір маңызды міндетті белгіледі.

Мұндай маңызды құжат жарияланған сәтте әркім өз саласына қатысты өзгерістерге назар аударатыны белгілі. Президенттің қоғамда көп талқыға түсіп жүрген оқу-ағарту саласындағы реформаларға қатысты түйткілдерге тоқталып, салада болатын әр өзгеріс мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге, оның қызметіндегі артық жүктемені азайтуға бағытталуы керектігін айтқаны көптің көңіліндегі мәселені дөп басты.

Реформалар балаға сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәрбиелеу секілді ұстаздың негізгі миссиясына кедергі келтірмеуі керек. Мектептерде ұстаздарына дөрекі сөйлеп, тіпті, күш қолданатын жағдайлар да кездесіп қалуы педагог абыройын көтеруге кірісетін кез жеткенін көрсетіп отыр.  Кез келген жағдайда отбасы да, оқушы да, ұстаз да, мектеп те жауапкершіліктен қашпауы керек.

Еліміз экономика көлемі жағынан әлемде 47 орынға көтеріліп отыр. Халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгейге жете тұра Қазақстан цифрлық экономика құру міндетін кері ысырмауы керек. Қазір маркетплейстерді, тамақ жеткізу және такси шақыру қызметтерін, басқа да көптеген қызметтерді, банктер қызметін  күнделікті пайдаланып жүрген Қазақстанның мүмкіндігі көп елде жоқ. Бірақ, мұнымен шектелмей, алға қадам басу қажет. 

Жалпы экономикасы тұрақты, саясатта өз соқпағы бар мемлекет қана ірі құрылыстар салады. Бұл ретте Мемлекет басшысы алдағы үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау беріп, келесі жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялауды ұсынды. Келешекте құрылыс қаланы ғана көркейтумен шектелмей, ауыл-аймақтағы тұрғындар да оның игілігін көруі керек.

Жолдауда ауыз су мәселесіне байланысты да бірнеше міндеттер қойылды. Яғни, ауызсудың көлік жууға пайдаланылуы сынға алынып, таза суды үнемдеу мәдениетін қалыптастыру қажеттігі, ескі су желілерін жөндеп, су ысырабын болдырмау қажеттігі ескертілді.

Бір сөзбен айтқанда, қазіргі буын өкілдері, жас ұрпақтек құр жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиясы дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды көруі керек. Бұл – ұлт алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет.

 

Садуахасова Г.Ж., Қызылорда «Болашақ» университеті

«Педагогика және спорт» кафедрасының аға оқытушысы