ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚОЛДАНУ ҚАҒИДАТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Енгізілді: 27.11.2026Қаралғаны: 91 рет
ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТТІ ЖАУАПКЕРШІЛІКПЕН ҚОЛДАНУ ҚАҒИДАТТАРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ
2026 жылғы 27 қарашада Қызылорда «Болашақ» университетінде «Жасанды интеллект этикасы: алгоритмдердің ашықтығы, біржақтылықтың алдын алу және құпиялылықты сақтау қағидаттары» тақырыбында әдістемелік семинар өтті.
Университеттің барлық профессор-оқытушылар құрамы қатысқан бұл семинарды «Математика және ақпараттық технологиялар» кафедрасының аға оқытушы, техника ғылымдарының магистрі Мұхамметәлиева Аида Мұхамметәлиқызы өткізді.
Семинар барысында жасанды интеллект жүйелері қабылдайтын шешімдердің ашықтығын қамтамасыз ету, алгоритмдік біржақтылық пен стереотиптердің алдын алу, дербес деректердің құпиялылығын сақтау мәселелері қарастырылды. Сонымен қатар ашық қолжетімді чат-боттарға жеке мәліметтерді, қызметтік құжаттарды және жарияланбаған ғылыми еңбектерді жүктеуге байланысты ықтимал тәуекелдер нақты жағдаяттар негізінде талқыланды.
Шараның практикалық бөлімінде қатысушылар жағдаяттық кейстерді талдап, білім беру үдерісінде жасанды интеллект құралдарын жауапкершілікпен қолданудың негізгі қағидаттарын айқындады:
- Тексер — жасанды интеллект ұсынған ақпараттың дұрыстығы мен сенімділігін бағалау;
- Қорға — дербес, қызметтік және ғылыми деректердің құпиялылығын сақтау;
- Ашық көрсет — оқу және ғылыми жұмыстарда жасанды интеллект құралдарының қолданылғанын ашық көрсету.
Әдістемелік семинар жасанды интеллект технологияларын білім беру және ғылыми қызметте қауіпсіз, этикалық нормаларға сай әрі жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Қазақша
Русский
English














