Лудомания мен қаржылық пирамидадан сақтануға бағытталған шара

Енгізілді: 22.05.2024Қаралғаны: 2985 рет

      «Болашақ» университетінде жастарды лудомания, қаржылық пирамида тәрізді зиянды құмарлықтардан қорғау бағытында жиын болып өтті. Жиынға Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Оспанов Мұрат Айнабекұлы, аталған  мекеменің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Оралбаева Майра Турлыбекқызы және әкімшілік басқармасының бас маманы Бажиева Айнур Қырғызбекқызы қатысты.

      Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде лудоманияға шалдыққан адамдардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Бүгінде 300 мыңнан астам қазақстандық осы дерттің құрбанына айналған және қаржылық алаяқтықтың қармағына іліккен қандастарымыздың саны артуда. Олардың ойсыз жасалған қадамдарынан өмір бойы опық жеп, өкінумен өтері сөзсіз. Сондықтан, жастарды осындай әдет-ойындардан барынша сақтандыруды мақсат тұтқан шарада қонақтар студенттер мен оқытушыларға лудоманияға тәуелділіктің қалай басталатынын, оған адамның қалай шырмалатынын әңгімеледі. Бастапқыда бәрінің ойын-сауық тәрізді зиянсыз көрінгенімен, салдарының қайғылы болуы мүмкін екендігіне, оған душар болған тұлғаның уақытында тоқтай алмайтынына, өз бетімен жеңе алмайтынына жиналғандардың назарын аударды. Сондықтан да, лудомания аурулардың халықаралық классификациясы бойынша  аурулар тізіліміне енгізілгенін, құмар ойындарға тәуелділердің   әртүрлі жастағы, жыныстағы, әлеуметтік мәртебедегі және білімдегі адамдар екенін тілге тиек ете отырып, лудомандардың психикалық портретін сипаттап берді.

      Сонымен қатар, шарада соңғы 20 жыл бойы «МММ», «Телемаркет», «Тибет», РДС, «Хопер-инвест», «Смагулов және К0» және т.б. компаниялардың қаржылық іс-әрекеттері жөнінде ақпарат құралдарында айтылып жүрген мағлұматтармен қатар,  2011 жылдан бері еліміздің әр жерінде белсенді жұмыс жасап, кейбірі күйреп те үлгірген ірілі-ұсақты қаржылық пирамидалар туралы сөз болды.

      Құмар ойындар мен қаржылық пирамидалардан сақтандыруға арналған шара көпшілікке ой салардай терең мазмұнда өтті.